Accessibility links

"Талибан" Қандағар әуежайына шабуылдады


Қандағар халықаралық әуежайы. 18 қаңтар 2021 жыл.
Қандағар халықаралық әуежайы. 18 қаңтар 2021 жыл.

"Талибан" қозғалысы Ауғанстанның ең ірі екінші қаласы Қандағардың әуежайын зымыранмен шабуылдады.

Әуежай әкімшілігі зымыран шабуылы кезінде ұшу жолағы зақымданғанын, сол себепті рейстер тоқтап қалғанын, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Қандағарды әуеден қорғау және ондағы логистика үшін бұл әуежайдың маңызы зор.

"Талибан" мен ауған үкіметінің күштері Қандағардан бөлек елдің екі үлкен қаласы Герат пен Лашкар-Гах үшін де шайқасып жатыр.

Бұл үш қаланың кімнің жағында қалатыны Кабул үкіметінің тағдырын айқындамақ. Халықаралық күштер елден кетіп жатқан тұста, ауған билігі қаншалық ұзақ тұрады деген сұрақ күшейіп отыр.

31 шілде күні "Талибан" Ауғанстанның батысындағы Гератты шабуылдады. Бір күннен соң ауған күштері тәліптердің бетін қайтарғанын мәлімдеді.

Сол 31 шілдеде Лашкар-Гах қаласында да ауыр шайқас жүрді. Содан екі күн бұрын қаланың кей бөліктерін тәліптер басып алған. Шағын аурухананың иесі Ауған әуе күштерінің тәліптері бомбалауы кезінде бір адамның қаза тауып, үш адамның жарақаттанғанын айтты.

Гилменд провинциясының кеңесшісі Абдул Мәжит Абхунзада "соғыс алаңдарында бейбіт тұрғындардың қалып қойғанын" айтып, алаңдаушылық білдірді.

Ауғанстанда жиырма жыл болған халықаралық әскери күштер елден кетіп жатыр. АҚШ әскері Ауғанстаннан 11 қыркүйекке дейін толық шығарылмақ. Халықаралық күштердің қолдауынсыз қалған ауған үкіметі "Талибанға" қаншалық төтеп бере алады деген алаң күшейіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG