Accessibility links

Токио-2020: Алты адам аккредитациясынан айырылды


Токиода алты адам коронавирус карантині талабын бұзғаны үшін аккредитациясынаа айырылды. Бұл туралы олимпиаданың ұйымдастыру комитетіне сілтей отырып NHK сайты хабарлады.

NHK мәліметінше, оның екеуі Грузия дзюдошысы. Екеуі де жарысын аяқтап, күміс медаль алған. Жарыс біткен соң грузин балуандары олимпиада ауылы аумағынан рұқсатсыз шығып кеткен.

AFP агенттігі тәртіптік жазаға ұшыраған балуандардың аты-жөнін атады. Олар 27 жастағы Важа Маргвелашвили мен 29 жастағы Лаша Шавдатуашвили. Дзюдошылардың Жапонияда тұратын танысымен кездескені айтылады.

Балуандар еліне қайтып үлгерген, себебі ереже бойынша жарысын аяқтаған атлет 48 сағат ішінде қайтуы тиіс.

"Ауыл аумағынан шығарда оларды ешкім тоқтатпаған. Сол себепті олар шығуға болады екен деп ойлаған" деп келтіреді AFP Грузия олимпиада комитеті қызметкерінің сөзін. Шенеунік аты-жөнін айтудан бас тартқан. "Олар ауыр жарыс күнінен соң, ауыр карантин кезеңінен соң аз-мәз таза ауа жұтқысы келді".

Олимпиада комитетінің айтуынша, қалған төрт адам – ұйымдастыру алқасының америкалық және британиялық мүшелері. Олар кокаин пайдаланды деген күдікпен қамауға алынған.

Ресми өкілдердің сөзінше, бұдан бөлек 8 адам аккредитациясынан уақытша айырылған, 10 адамға қатаң ескерту жасалған.

Өткен тәулікте Токио олимпидасында 18 адамның ПТР тесті оң шыққан. Жазғы ойындар кезінде анализінен коронавирус анықталған адамдар саны 259-ға жетті.

Одан бір күн бұрын Токиода төрт мыңнан астам Covid науқасы тіркелді. Бұл – індет басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Ел үкіметі жағдайдың ушыққаны олимпиадағы байланысты емес дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG