Accessibility links

Билік күшпен әкетуге тырысқан Тимановскаяға байланысты Минскіге жаңа санкция салынуы мүмкін


Кристина Тимановская Токио әуежайында. 1 тамыз 2021 жыл.
Кристина Тимановская Токио әуежайында. 1 тамыз 2021 жыл.

Беларусь билігінің спортшы Кристина Тимановскаяны жарыстан шеттетіп, Токиодан әкетуге тырысуы Минскіге жаңа санкция салуға түрткі болуы мүмкін. Бұл туралы спортшымен тілдескеннен кейін Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) өкілі хабарлады.

Жексенбі, 1 тамызда Тимановская Беларуське ұшатын ұшаққа отырудан бас тартқан. Әуежайда полициядан көмек сұраған. Бұдан соң жапон билігі оны қауіпсіз жерге апарып, адвокатпен қамтамасыз еткен.

Ақпаратқа қарағанда, спортшы әлеуметтік желіде белорус шенеуніктерін сынап, пост жазғаннан кейін жарыстан шеттетілген.

Атлет туған елінде қудаланам ба деп қорқады. Қазірдің өзінде Польшадан саяси баспана сұрап қойған.

Беларусь билігі оны саяси себеппен жарыстан шеттеткенін мойындамады. Олардың айтуынша, спортшының психологиялық көңіл-күйіне байланысты депортация туралы шешім қабылданған. Тимановская бұл мәлімдемені жоққа шығарып, өзін тіпті дәрігерге апармағанын айтты.

Спортшы ақпарат құралдарына белорус құрама қызметкерлерімен болған әңгіменің аудиосын да жіберді. Тимановскаяның сөзіне қарағанда, аудиода жеңіл атлетика бойынша бас тренер мен ұлттық делегация өкілінің дауысы бар. Олар спортшыны Токиодан тезірек кетуге үгіттеп, үндемеуге кеңес берген.

Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская Халықаралық олимпиада комитетін зерттеу жүргізіп, ұлттық құраманың қалған спортшыларының да қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

  • Олимпиада өтпей тұрып халықаралық бақылаушылар Беларусьтің қажетті дәрежеде допинг-тест өткізбегенін анықтаған. Сол себепті үш атлет эстафетадан шеттетілген. Соның салдарынан құрама басшылығы бастапқыда спринтке қатысуы тиіс болған Тимановскаяны эстафетаға жіберген. Тимановская эстафетаға қатысудан бас тартқан. Бұдан соң Беларусь мемлекеттік ақпарат құралдары оны сынай бастаған.
  • Спортшыларды саяси қуғындауға байланысты Беларусь ұлттық олимпиада комитеті 2020 жылдың желтоқсан айынан бері Халықаралық олимпиада комитетінің санкциясына ілінген. ХОК ұлттық комитетті қаржыландыруды тоқтатып, оның жетекшісі Александр Лукашенконы Олимпиада ойындарынан шеттеткен. 2021 жылдың басында ұлттық комитет жетекшілігіне Лукашенконың ұлы Виктор Лукашенко келді. Ол да көп ұзамай санкцияға ілінді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG