Тәжікстан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіру мәселесін әлі зерттеп жатыр. Ресей Душанбенің осы одаққа кіргенін қалайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
Тәжікстанның сауда және экономикалық даму министрі Завки Завкизода 2 тамыздағы баспасөз конференциясында Душанбенің ЕАЭО-ға кіруі бойынша ешқандай алдын ала келісім жоқ деп мәлімдеді.
"ЕАЭО – жас бірлестік. Қандай да бір одаққа кіргісі келетін кез келген ел пайдалы-пайдасыз жақтарын зерттеп алады. Қазір көрші елдердің тәжірибесін ескере отырып, сараптама жасап жүрміз. ЕАЭО-ға кіру туралы шешім әлі қабылданған жоқ" деді министр.
Журналистердің Тәжікстан одаққа шамамен қай уақытта кіру мүмкін деген сауалына Завки Завкизода үкіметтің қашан және қандай шешім қабылдары әзірге белгісіз деп жауап берді.
Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) – Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстан кіретін халықаралық ұйым.
ПІКІРЛЕР