Accessibility links

Киевте із-түзсіз жоғалған белорус белсендісінің денесі саябақтан табылды


Виталий Шишов.
Виталий Шишов.

Бір күн бұрын Киевте із-түзсіз жоғалған "Белорусский дом в Украине" ұйымының жетекшісі Виталий Шишовтың денесі дарға асылған күйі табылды.

Сейсенбі күні қалалық полиция Шишовтың денесі өзі тұратын аумақтағы саябақтан табылғанын хабарлады. Оның ұялы телефоны мен жеке заттары жоғалмаған. Полиция "Қасақана адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу органдары барлық болжамды қарастырмақ. "Оны өлтіріп, суицид жасағандай көрсетуге тырысты" деген болжамды да зерттейді.

Виталий Шишов дүйсенбі күні жүгіруге кетіп, содан оралмаған. "Белорусский дом" ұйымы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шишовтың телефонынан бірнеше рет телефон соғылған.

Шишовтың таныстарының сөзінше, белсенді бұрын өзін аңдып жүргенін айтқан. Оған және оның жүріп жүрген қызына күдікті адамдар келіп, әңгімелесуге тырысқан. Бұл туралы "Настоящее время" арнасы жазды.

"Белорусский дом в Украине" – коммерциялық емес қоғамдық ұйым. Ол Беларусьтен Украинаға қашқан азаматтарға баспана, жұмыс тауып беру бойынша көмек көрсетеді. Беларусьте былтыр тамыз айындағы президент сайлауынан кейін Виталий Шишов Украинаға көшіп кеткен. Беларусь орталық сайлау комиссиясы сайлауда Александр Лукашенконың жеңгенін хабарлаған. Сайлаудың ресми нәтижесі елде жаппай наразылық туғызды. Батыс елдері Лукашенконы елдің заңды президенті ретінде мойындамады. Лукашенко мен айналасындағы шенеуніктерге санкция салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG