Шешенстанда республика басшысы Рамзан Қадыровтың немере інісі Турпал-Әли Ибрагимов дене шынықтыру, спорт және жастар саясаты министрі болып тағайындалды.
Ол Рамзан Қадыровтың жиені 24 жастағы Хамзат Қадыровты алмастырды.
Турпал-Әли Ибрагимов бұған дейін республика басшысы әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Шешенстан үкіметінде, аудандық әкімшіліктерде бірқатар лауазымды қызмет істеген.
Шешенстан премьер-министрі Муслим Хучиев оны ұжымға таныстырып, Ибрагимов "министрлікті сапалы деңгейге көтереді" деп атап өтті.
Бұған дейін Шешенстандағы сотсыз дарға асу мәселесі жөнінде айтқан Қадыров атындағы беделді полктың бұрынғы аға сержанты Сулейман Гезмахмаев Турпал-Әли Ибрагимовтың да аты-жөнін атаған еді.
Оның сөзіне қарағанда, 13 адамды дарға асу "рәсіміне" сол кезде Шалин ауданы әкімшілігінің жетекшісі болған Турпал-Әли Ибрагимов пен күзетшілері қатысқан. Гезмахмаевтың айтуынша, көрші бөлмеде болған сол кездегі полк командирі атылған оқты естіп келген. Ол қан дақтары мен иісінен арылу қиын болады деп ескерткен. Сол кезде жендеттер тактиканы өзгерткен.
Рамзан Қадыровтың немере інісінің 2018 жылғы жол апатына да қатысы бар. Үш жыл бұрын Турпал-Әли Ибрагимов рөлде отырған Mercedes көлігі мен "Жигули" соқтығысқан. Екінші көлікте болған әйел мен қызы оқиға орнында қаза болған, кейін ауруханада күйеуі қайтыс болған. Ибрагимовтің күзетшілері куәгерлерден телефонын тартып алған. Шенеуніктің өзі жасырынып, заңды айналып өтіп, қаза болғандардың туыстарымен келіскен деп жазды "Кавказ.Реалии".
ПІКІРЛЕР