Accessibility links

Олимпиададан еліне қайтудан бас тартқан белорус спортшысы Еуропаға ұшты


Кристина Тимановская Токио әуежайында. 4 тамыз 2021 жыл.
Кристина Тимановская Токио әуежайында. 4 тамыз 2021 жыл.

Белорус атлеті Кристина Тимановская Токиодан Венаға ұшты. Ол белорус билігінің қысымынан қауіптеніп, Олимпиададан еліне қайтудан бас тартқан еді.

Ақпаратқа қарағанда, оған Польша гуманитарлық виза бергендіктен Варшаваға ұшуы тиіс. Австриядан әрі қарай ұша ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Austrian Airlines рейсі Токионың Нарита халықаралық әуежайынан жергілікті уақыт бойынша сағат 11:05-те ұшып шыққан. Ұшақтар бағытын онлайн бақылайтын flightaware.com сайтының жазуынша, Венаға сағат 16:05-те жетуі тиіс.

Тимановская 2 тамызда Польша елшілігін сағалаған. Беларусь командасының ресми өкілдері оны Минскіге күшпен жіберуге тырысқан. Тимановская AP агенттігіне басшылықты сынап, пост жазғаны үшін қудаланып жатқанын, шенеуніктер "елге оралған соң міндетті түрде жазалайтынын" ұқтырғанын жеткізген.

Олимпиадағы Беларусь делегациясының жетекшісі Дмитрий Довгаленок AP агенттігіне сұхбат беруден бас тартқан.

Бұған дейін Беларусь ұлттық олимпиада комитеті мемлекеттік ақпарат құралдарына жағдайды бақылап отырғанын және Тимановскаяның шағымы негізінде істі зерттей бастаған Халықаралық олимпиада комитетімен әріптестік орнатқанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG