Accessibility links

Нұр-Сұлтанда бірнеше адам мүгедектер құқығын қорғауды талап етті


Мүгедектер құқығының қорғалмайтынына шағымданған белсенділер министрліктер үйі алдында плакат ұстап тұр. Нұр-Сұлтан, 5 тамыз 2021 жыл. Оқырман жіберген сурет.
Мүгедектер құқығының қорғалмайтынына шағымданған белсенділер министрліктер үйі алдында плакат ұстап тұр. Нұр-Сұлтан, 5 тамыз 2021 жыл. Оқырман жіберген сурет.

5 тамызда күндіз Нұр-Сұлтанда бірнеше адам мүгедектердің құқығы қорғалмайтынын айтып, наразылық акциясын өткізді. Денсаулық сақтау министрлігі алдына жиналған олар наразылықтан басқа "амалы қалмағанын" жеткізді.

Наразылар қолдарына "мүгедектер құқығын қорғауды талап етеміз!", "Цой отставкаға кет!", "жәрдемақыны көтерсін!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Оларды сырттай полиция мен арнайы жасақ бақылады.

Нұр-Сұлтан тұрғыны 59 жастағы Нұрлан Алтынбаев жүрегіне ота жасатқан. Қазір үшінші топтағы мүгедек. Бірақ төрт жыл бұрын дәрігерлер оның жасы мен жағдайын ескеріп, екінші топ мүгедектігін бекітеміз деген екен.

– Дәрігердің осы шешімін біз жыл сайын қаралатын медициналық-әлеуметтік комиссия ескермеді. Екінші топ мүгедектігін алып тастап, үшінші топқа ауыстырды. Келіспедім. Әр жерге шағымданып жүргеніме міне, үш жыл. Жүректе қанды лақтырып тұратын клапан бар. Сол қазір 50 процент істемейді. Мұндай диагнозбен екінші топ мүгедектігі берілу керек еді, – дейді ол.

Нұрлан Алтынбаев - Нұр-Сұлтанда билікті жиі сынайтын азаматтық белсенділердің бірі. 2016 жылдан бері ол түрлі митингіге қатысып, ойын ашық айтып жүр. Cанаттың ауысуына осы жайт әсер етуі мүмкін деп топшылайды.

– Билікке тиімді ғой. Мүгедек адамды олар ұстап, қамай алмайды. Ал мені бірнеше рет абақтыға жапты. Қазірдің өзінде мойнымда 145 мың теңге айыппұл тұр. Меніңше, екінші санатты бермей отырғаны осы азаматтық белсенділігімен тікелей байланысты, – дейді Нұрлан Алтынбаев.

Мүгедектердің әлеуметтік жағдайының нашарлығына шағымданып, еңбек министрлігінде арыз жазып отырған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 5 тамыз 2021 жыл.
Мүгедектердің әлеуметтік жағдайының нашарлығына шағымданып, еңбек министрлігінде арыз жазып отырған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 5 тамыз 2021 жыл.

Денсаулық сақтау министрлігі алдындағы акция бір сағатқа созылды. Бірақ ешкім шықпады. Кейін наразылар еңбек министрлігіне барды. Ол жерде тұрғындарға арыз жазып қалдыруды ұсынған.

Нұр-Сұлтан қаласында бұған дейін де мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік жағдайдың нашарлығына шағымданып, наразылық өткізген.

Маусымның ортасында астанада БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігіне барып, мүгедектердің құқығын қорғау жөнінде петиция тапсырғандар билік "қыруар қаржыны әртүрлі имидждік іс-шараларға жұмсап, ал мүгедек адамдардың әлеуметтік құқықтарын шешуге келгенде "үнемшіл бола қалады" деп мемлекет саясатын сынаған.

Қарай отырыңыз: "35 мың теңгеге өмір сүріп жүрміз, жұмыс істей алмаймын". Мүгедек адамдар үкіметке наразы (28 мамыр 2021 жыл).

"35 мың теңгеге өмір сүріп жүрміз, жұмыс істей алмаймын". Мүгедек адамдар үкіметке наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG