Accessibility links

HRW Ауғанстан әділет жүйесінің әйелді қорғауға қауқарсыздығына алаңдайды


"Талибан" режимінің әйелдер құқығын бұзатыны жайлы жиында сөйлеп тұрған әлеуметтік қызметкер әйел. Кабул, Ауғанстан, 2 тамыз 2021 жыл.
"Талибан" режимінің әйелдер құқығын бұзатыны жайлы жиында сөйлеп тұрған әлеуметтік қызметкер әйел. Кабул, Ауғанстан, 2 тамыз 2021 жыл.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Ауғанстан әділет жүйесінің әйелдерді жеткілікті түрде қорғай алмай отырғанын айтады. Халықаралық ұйым қазір Ауғанстандағы әртүрлі аймақта үкімет күштерін ығыстырып, өз билігін орнатуға тырысып жатқан "Талибан" радикал қозғалысы "(әйелдерді қорғауда) маңызы зор құқық қорғау жүйесіне бұрынғыдан әрмен қауіп төндіретіні" туралы мәлімдеме жасады.

HRW әйелге қатысты зорлық-зомбылықты жою туралы заңның орындалуы жөніндегі 32 беттік баяндамасында ауған үкіметінің "әйелдер мен қыздарға зорлық-зомбылық жасаушыларды жауапкершілікке тартуды жеткілікті түрде қамтамасыз ете алмай отырғанын" атап көрсеткен. Бұл жаңа ескерту Ауғанстанның ондаған уәлаятында бірнеше айдан бері билікке ұмтылған "Талибан" фундаменталистері айтарлықтай жетістікке жеткеннен кейін жарияланып отыр.

Бұған дейін Ауғанстаннан осы айдың аяғына дейін біржола шығып кетуді жоспарлаған АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалицияның қарулы күштері аталған мерзімге дейін үлгеру үшін әскерін жедел түрде әкетіп жатыр. Тәліптер сондай-ақ Ауғанстанның бірқатар ірі қаласын қоршап алды. Олар өзіне қарсылас санайтын адамдардан кек алуды қолға алып жатыр деген ақпарат тараған. Сондай бір хабарда тәліптер 21 жастағы ауған әйелін "тым ашық-шашық киініп, уәлисіз (туысы саналатын ер адам) үйінен көшеге жалғыз шығып кетті" деген уәжбен атып өлтірген деп айтылады.

Ауғанстанның әйелге жасалатын зорлық-зомбылықты жою туралы заңын (EVAW) алғаш рет 2009 жылы ел президенті консервативтік ұстанымдағы (бұл заңды қабылдауға) бәсекелестерінің қарсылығына қарамастан қабылдап, тиісті жарлық шығарған. Ол заң әйелді зорлық-зомбылықтан, мәжбүрлеп некеге отырудан, кәмелетке толмағандар некесінен әрі тоқал болудан қорғауды қамтамасыз етуді көздейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG