Accessibility links

Ауғанстанда "Талибан" алғашқы аймақ орталығын басып алды


Нимроз уәлаятының орталығы Заранж қаласы. Ауғанстан, 6 тамыз 2021 жыл.
Нимроз уәлаятының орталығы Заранж қаласы. Ауғанстан, 6 тамыз 2021 жыл.

Ондаған жыл бойғы соғыстан әбден титықтаған Ауғанстаннан шетел әскерінің түпкілікті әкетілуімен тұспа-тұс шабуылын бастағаннан бері "Талибан" радикал қозғалысы алғаш рет аймақ орталығын басып алды.

Елдің шалғай оңтүстік-батыс түпкіріндегі Нимроз уәлаятының орталығы Заранж қаласы 6 тамызда "Талибан" содырларының қолына өтті. Бұл туралы Азаттықтың Ауған қызметі – Азади радиосына жергілікті шенеуніктер мен аймақ кеңесінің бір мүшесі хабарлаған.

Аты-жөнін атағысы келмеген бірнеше жергілікті шенеунік 31 мыңға жуық тұрғыны бар қаланың ұрыссыз берілгенін айтқан. Заранждың құлауы – "Талибанның" тынымсыз шабуылынан қорғануға тырысып жатқан Кабул үкіметіне берілген тағы да бір соққы болды.

Кейінгі апталарда "Талибан" ондаған ауылдық округті басып алды, шекара бекеттеріне орнығып, бірнеше ірі қалаға, соның ішінде Ауғанстанның батысындағы Гератқа, оңтүстіктегі Қандағар мен Лашкаргахқа шабуыл жасады.

"Талибан" 6 тамызда елдегі ресми үкіметтің ақпарат және медиа орталығының басшысы Дава Хан Менапалды өлтіргенін мәлімдеген. Бұл – тәліптердің ел үкіметінің ең жанды жеріне соққы беруге қауқары жететініне тағы бір дәлел.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 6 тамызда Ауғанстандағы жағдайдың нашарлауын талқылаған кезде, қарулы қақтығыстар мен бейбіт тұрғындардың құрбан болып жатқаны да күн тәртібіне енгізілді. БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Дебора Лайонс "Талибанның" елдегі ахуалды саяси жолмен реттеу жөніндегі өзіне алған міндеттемесін лайықты атқарып отырғанына күмән келтірді. Бұған қоса Лайонс соғыстың "(тұрғындар арасындағы) қантөгісті одан сайын ушықтыратын және сұрапыл шиеленіс кезеңіне" енгені туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін құлағдар еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG