Accessibility links

Венгрия ЛГБТ тақырыбындағы кітаптардың сатылуын шектеді


Венгрлер ЛГБТ-ға қарсы заңға наразылық білдіріп тұр. Будапешт.
Венгрлер ЛГБТ-ға қарсы заңға наразылық білдіріп тұр. Будапешт.

Венгрияда гомосексуалдықты насихаттайды деген балалар кітабын "жабық қаптамада" сатуды міндеттейтін жарлық шықты. Адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар бұл қадамды айыптады, Еуроодақ Будапештке қарсы іс бастады.

Жарлық жынысты өзгерту мен сексуалдылықты ашық бейнелейтін кітаптарды да қамтып, оларды бөлек сатуды міндеттеді. Мұндай кітаптарды мектептер мен шіркеулерден 200 метрге дейінгі қашықтықта сатуға тыйым салынды.

Жарлық маусым айында қабылданған атышулы заң аясында шығып отыр. Анти-педофилия заңы атанған ол құжат бастапқыда балаға зорлық-зомбылық көрсетуді тыюды көздеген. Бірақ оған кейін түзету енгізіліп, гомосексуалдылық пен кәмелетке толмағандар арасында жыныс ауыстыруды насихаттауға тыйым салынды.

Еуропа комиссиясы Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның ұлтшыл үкіметіне қарсы құқықтық процедура бастап, жарлықты Еуропаның толеранттық құндылықтары мен адам еркіндіктеріне қарсы деп атады.

Үкімет басында 2010 жылдан бері отырған Орбанды келесі жылы ауыр сайлау күтіп тұр. Кейінгі уақытта ол әлеуметтік саясат жүргізуде радикалды қадамдарға барып, өзін "дәстүрлі христиан құндылықтарын Батыс либерализмінен қорғаушы" қорғаушы ретінде көрсетіп отыр.

Шілде айында Венгрия маусымда қабылданған заңға сүйеніп, "кемпірқосақ отбасылар" туралы балалар кітабының дистрибьютеріне айыппұл салды.

Орбан үкіметі жаңа заң балаларды қорғауды көздейді, сексуалдылық туралы білім беру ісін ата-анаға қалдырады деп мәлімдеді.

Бірқатар құқық қорғау ұйымы Венгрия заңын айыптап, педофилия және порнография ұғымдарын ЛГБТ тақырыбымен қабыстырып отыр, бұл қателік дейді. Еуроодақтың атқарушы комиссиясын басқаратын Урсула фон дер Ляйен Венгрия заңын "ұят" деп атады.

Өткен айда Ipsos сауалнамасы венгрлердің 46 пайызы бір жынысты некені қолдайтынын көрсетті. Сол айда мыңдаған венгр Орбан үкіметінің заңына наразылық ретінде шеруге шықты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG