Accessibility links

Тоқаев спортқа "шұғыл реформа" қажеттігін айтты


Қазақстан делегациясы Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде 2021 жыл.
Қазақстан делегациясы Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде 2021 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан құрамасының Олимпиададағы көрсеткіші "спорт саласында шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті" деп мәлімдеді.

"Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын...Алайда, 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді" деп жазды Тоқаев 9 тамызда кешке Twitter желісінде.

Тоқаев спортшылар "Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек" деп санайды.

Токио олимпиадасында Қазақстан сегіз қола медальмен жалпы командалық есепте 83-орын алған. Сарапшылардың айтуынша, спортқа миллиардтап қаржы бөліп, жарыстардағы жеңістерді пропаганда ретінде пайдаланатын Қазақстан олимпиадада мұндай төмен нәтиже көрсетпеген.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан үш көршісінен қалып қойды. Үш алтын, екі күміс алған Өзбекстан 32-орында, екі күміс, екі қола иеленген Қырғызстан 71-орында, бір күміс жеңген Түркіменстан (бұл олимпиада тарихындағы алғашқы медалі) 77-орында тұр. Ал Тәжікстан спортшылары Токиода жүлдесіз қалды.

Келесі олимпиада ойындары 2024 жылы 26 шілде – 11 тамыз арасында Парижде өтуі тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG