Қазақстанда көлік құрастырумен айналысатын ірі компанияның басшысына іздеу жарияланды. Құқық қорғау органдары оның "тергеуден жасырынып жүргенін" айтады.
"Бипэк Авто – Азия Авто" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланғаны туралы ақпарат Қазақстан бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің сайтында жарияланды. Ақпаратқа қарағанда іздеуді Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік кіріс департаменті жариялаған. Ресми орындар Балушкиннің "тергеуден жасырынып жүргенін" айтады.
Анатолий Балушкин "Азия Авто" және "БИПЭК Авто Қазақстан" компаниялары акцияларының бақылау пакетіне ие, ШҚО облыстық мәслихаттың депутаты.
Жергілікті ақпарат агенттіктерінің жазуынша, 2020 жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниясымен көлік құрастыру жөнінде келісімді бұзған. Ведомство компаниядан 2010 жылдан бері 174 млрд теңге көлемінде (405 млн доллар) алған жеңілдіктерді қайтаруды талап еткен.
Биыл жыл басында министрлік сотта компанияны жеңген. Соның нәтижесінде Қазақстанда мыңдаған жұмысшы жұмыссыз қалған. Ал зауыт көліктің кейбір түрлерін шығаруды тоқтатқан.
Forbes сайтының жазуынша, Анатолий Балушкин 2020 жылы Қазақстандағы ең ықпалды және ең ауқатты кәсіпкер тізіміне енген.
ПІКІРЛЕР