Accessibility links

Министрлік Маңғыстауға көмектесу үшін халықтан ақша сұрады


Құдықтан су ішуге келе жатқан жылқылар. Маңғыстау облысы, 14 шілде 2021 жыл.
Құдықтан су ішуге келе жатқан жылқылар. Маңғыстау облысы, 14 шілде 2021 жыл.

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі халықты қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына көмектесуге үндеді. Маңғыстаулық белсенді "халық онсыз да көмектесіп жатыр, мемлекеттің мұндай жағдайда олигархтар мен миллиардерлерге, ірі компанияларға үндеу жасағаны жөн болар еді" деп санайды.

11 тамызда ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында "құрғақшылықтан зардап шеккен аймаққа көмектесуге" үндейтін хабарлама жарияланды.

"Қазақстанның көптеген өңірлеріндегі ерекше ыстық ауа райы құрғақшылыққа әкеп соқты. Жауын-шашынның аздығынан Маңғыстау облысы қатты зардап шекті" делінген үндеуде. Онда бүкіл ел бойынша еріктілердің, кейбір ведомство өкілдерінің қуаңшылықтан зардап шеккен облыс тұрғындарына шама-шарқынша көмек көрсетіп жатқаны айтылған.

Хабарлама авторлары "министрлік барлық меншік нысанындағы еңбек ұжымдарын қиын жағдайға тап болған отандастарымызды қолдауға және қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырады" деп жазған. Онда ақша аударатын реквизиттер де көрсетілген.

Маңғыстаулық белсенді Жәнібек Қожық министрлік бұл тұста қарапайым халықтан гөрі Қазақстандағы ең бай адамдар мен ірі мұнай компанияларына қайырылып, көмек сұрағаны жөн болар еді деп санайды.

"Маңғыстау, Атырау өңірінде мұнай шығарып, миллиардтаған ақша тауып отырған мұнай компанияларына осындай үндеу жасауға болады. "Мұнайдың бір баррелі 25 доллар болған кезде мекемелерді ұстап қалдыңыздар. Қазір 75 доллар болып, 300 пайызға өсті. Біз сендерге бұйрық бере алмаймыз. Бірақ көмектесуге шақырамыз" деп айтса, жақсы болады. Себебі қарапайым халық қазір де онсыз да беріп жатыр" дейді ол Азаттық тілшісіне.

Жәнібек Қожықтың айтуынша, қазір облыста малдың қырылуы тоқтамаған. Жем-шөп әлі де тапшы.

– Кейбір қаланың маңындағы елді мекендер қаржылай көмек алды деп естідік. 60 мың, 100 мың алдық дейтіндер бар. Сондай ақпарат шыққан. Бірақ көбіне жетпей жатыр. Үкімет шара қолданған жоқ. Көбін мен бұрынғы министрден көремін. Тікелей жауапты адам болған, – дейді ол.

Оның айтуынша, дегенмен министрлік басшылығы ауысқалы бері жағдай "жақсы жаққа қарай өзгере бастаған". Қазір жергілікті басқармалар фермерлерден мал есебін алып жатыр. Билік өкілдері әрбір қой мен ешкіге жем-шөбі үшін – 1900 теңге, жылқы мен түйеге 9 мың теңгеден беруге уәде берген. Бұл жоқтан гөрі тәуір нәрсе дейді.

Ол "халыққа қазір жем-шөп құнының сәл де болса арзандағаны керек" дейді.

– Мысалы, бір рулон шөп Қостанайда 5 мың теңге болса, ол Маңғыстауға жеткенге дейін құны 300 пайызға қымбаттайды. Біз енді 5 мың теңгеден беріңдер демейміз, бізге жол шығынын қоспай яғни, 10 мың теңгеден берсе риза боламыз. Маңғыстау халқына ең қажет нәрсе осы. Қазір бір грамм жем жоқ, – дейді Жәнібек Қожық.

Қарай отырыңыз: "Жылқы топырақ жеп жатыр". Қуаңшылық қинаған шаруа көмекке мұқтаж (10 маусым 2021 жыл).

"Жылқы топырақ жеп жатыр". Қуаңшылық қинаған шаруа көмекке мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Маусым айынан бастап Маңғыстау және Қызылорда облысында құрғақшылық болып, малдың қырылып жатқаны хабарланған еді. Шілде айының ортасында қуаңшылықпен күрес үшін үкімет резервінен Маңғыстау облысына – 1,9 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлінетіні айтылды.

Шілде айының соңында жергілікті БАҚ Маңғыстау облысына бөлінген 1,9 млрд теңге халыққа әлі жетпей отырғанын жазған. Облыстық бюджеттен бөлінген 204 млн теңге де толық игерілмегені айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG