Accessibility links

Белсенді Жанболат Мамай Нұрлан Нығматулин туралы зерттеу фильм жариялады


Нұрлан Нығматулин туралы зерттеу фильмнен алынған скриншот.
Нұрлан Нығматулин туралы зерттеу фильмнен алынған скриншот.

12 тамызда тіркелмеген Қазақстанның Демократиялық партиясының жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин туралы зерттеу фильм жариялады. Жанболат Мамайдың тұжырымдауынша, Нұрлан Нығматулин мен оның отбасына, жақын туыстарына Қазақстанда кемінде 225 компания тиесілі. Бұл жыл сайын ондаған миллион доллар табатын ірі компаниялар дейді ол.

Фильмде компания атаулары мен жекелеген адамдардың аты-жөні аталады. Ресми мекемелерге сілтеме жасалады. Фильм авторлары Нығматулиннің бизнеспен айналыспағанын алға тартып, көп жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрген жоғары лауазымды шенеунік пен туыстары осынша көп мүлікті қалай жинаған деген сұрақ қояды.

"Нұрлан Нығматулин бизнесте бір күн де істемеген. Бірақ соған қарамастан оның отбасы, үш ұлы Нұржан Нұрланов, Нұрхан Нұрланов, Мәди Нұрланов пен әйелі Венера Баймырзаеваға Қазақстанда 35 компания тиесілі. Бұл ірі кәсіпорындар, ірі компаниялар. Арасында банктер де болған. Qazaq bank-тің 10 пайызы оларға тиесілі болды. Бірақ өздеріңіз білесіздер, банк банкрот болып, қаншама қылмыстық істер қозғалды, адамдар сотталды. Бірақ оның салқыны Нығматулиндерге тиген жоқ. Нұрлан Нығматулиннің құдасы бар – Дінмұхамед Ыдырысов. Оның өзінің 120 компаниясы бар және бұлардың бәрінің бизнестері ортақ" дейді Жанболат Мамай.

Аталған фильмге байланысты өткен бейсенбілік жиында шенеуніктің отбасына Лондондағы жылжымайтын мүліктер тиесілі екені, Украинада да бизнесі бары айтылды. Нығматулиннің "Қазақстандағы сөз бостандығын тұншықтыру талпыныстары" да сөз болды.

"Егер ол жемқорлыққа батпаған болса, егер мемлекет қазынасын тонамаған болса, онда осынша компанияға, осыншама байлыққа, дәулетке қалай қол жеткізді деген сұрақ туындайды. Нығматулиннің отбасының әрбір мүшесі мемлекеттік қызметпен байланысты: не мемлекеттік компанияны басқарады немесе мемлекеттік қызметте еңбек етеді" деді Жанболат Мамай.

Фильм ұзақтығы шамамен 38 минут. Бірнеше сағат ішінде оны 12 мыңға жуық адам көрген.

Мамай жариялаған деректерді үшінші тараптан анықтау мүмкін болмады. Азаттық тілшісі 12 тамызда мәжілістің баспасөз қызметіне хабарласып көрді. Бірақ телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Азаттық мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге аталған зерттеуде қозғалған мәселелерге байланысты ресми сауал да жолдады. Әзірге жауап келмеді.

Бұған дейін Жанболат Мамай "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек жайлы зерттеу фильм жариялап, шенеунікті "жемқорлық үшін" айыптаған. Шенеунік белсендіні сотқа беріп, маусым айының ортасында Алматы соты Мамайды аталған фильмді өшіруге міндеттеген еді.

Сот үкімімен келіспеген белсенді мен жақтастары "Қазақстанның ресми орындары біз келтірген фактілерді зерттеп, жемқорлықты тергеудің орнына біздің үнімізді өшіруге тырысты" деп мәлімдеді. Олар фильмді өшіруден бас тартқан. Ал Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек "Мамай сотқа қажетті айғақтар ұсына алмады, айтқаны тек жала" деп айтқан.

Қарай отырыңыз: Байбек пен Мамай соты қалай аяқталды? (19 маусым 2021 жыл).

Байбек пен Мамай соты қалай аяқталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:18 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG