Accessibility links

Тәліптер Ауғанстандағы екінші ірі қала - Қандағарды басып алғанын хабарлады


Тәліптер Кабулдан 150 км жердегі Ғазни қаласында. 12 тамыз, 2021 жыл.
Тәліптер Кабулдан 150 км жердегі Ғазни қаласында. 12 тамыз, 2021 жыл.

Ауған тәліптері елдегі екінші ірі қала Қандағарды басып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Twitter-де қозғалыстың баспасөз хатшысы хабарлады.

"Қандағарды толық жаулап алдық" деп жазды ол.

Бұған дейін далалық жерде және қала ішінде шайқас жүріп жатқаны хабарланған. Қандағар әуежайы жұмысын тоқтатты.

12 тамызда Азаттықтың Ауған редакциясы "Талибан" тобы бір аптадан аз уақыт ішінде Ауғанстанның оңтүстік-шығысындағы аймақ орталығы Ғазни қаласын басып алғанын айтқан. Елдің ішкі істер министрлігі қаланың көп бөлігі тәліптердің бақылауында қалғанын, бірақ ұрыс жалғасып жатқанын ескертті.

Ғазни Кабулдан оңтүстік-батысқа қарай 150 километр жерде орналасқан. Қала үлкен стратегиялық маңызға ие, өйткені ол астананы оңтүстіктегі содырлардың бекіністерімен байланыстыратын Кабул—Қандағар тас жолының бойында орналасқан. Пентагон бұған дейін Ауғанстан астанасын тәліптер бір-үш ай ішінде басып алуы мүмкін деп болжаған. Әскери мекемедегі дереккөзге сүйенген Washington Post басылымы осындай хабар таратты.

Ауған қауіпсіздік күштері Ғазниден қашып кеткен қала губернаторы мен оның орынбасарын тұтқындады деп хабарлайды BBC. "Талибанның" ресми өкілі Забихулла Муджахид Twitter-де "Ғазни қаласында жаудың көп базасын басып алдық, муджахидтер губернатордың резиденциясына қарай жылжып барады" деп жазды.

АҚШ пен НАТО-ның басқа мүшелері Ауғанстаннан әскерін шығарып жатқан тұста тәліптер ел аймақтарының бірінен соң бірін басып алуда. Батыс коалициясы қыркүйектің ортасына дейін елдегі барлық әскерін алып кетпек. ВВС мен Азаттықтың Ауған қызметінің мәліметі бойынша, тәліптер Ауғанстандағы 34 аймақтың 10-ының орталық қалаларын басып алған. Reuters 9 орталық қала тәліптер қолына өтті деп жазды.

Жүздеген бейбіт тұрғын қаза болып, мыңдаған адам үйінен қашты. Көп ауыл жермен-жексен болған. Құқық қорғау ұйымдары елде гуманитарлық дағдарыс болуы мүмкін деп дабыл қақты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG