Accessibility links

Беларусьте президент сайлауына қатысқан кандидат Андрей Дмитриев ұсталды


Андрей Дмитриев.

Беларусьте 2020 жылы президент сайлауына қатысқан үміткер "Говори правду" ғылыми-білім беру бірлестігінің тең төрағасы Андрей Дмитриев ұсталды.

Азаттықтың Белорус қызметінің хабарлауынша, күштік құрылымдар оны 12 тамызда не себепті ұстап әкеткенін түсіндірмеген. Қазір саясаткердің қайда екені белгісіз.

Андрей Дмитриев "Сход" платформасы делегаттарының құрамына да енген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, 11 тамызда күштік құрылымдар аталған платформа кеңсесін тінткен. Бірнеше адам ұсталған. Арасында сайлаудан кейін тұтанған жаппай наразылық шарасын қолдаған Беларусьтің Словакиядағы бұрынғы елшісі Игорь Лешень де бар.

"Говори правду" – 2010 жылы Беларусьте басталған кампания. Сол кезде ол оппозиционер Владимир Некляевті сайлауға үміткер ретінде ұсынған негізгі күш болды.

"Сход" платформасы – биыл қаңтар айында іске қосылған цифрлық алаң. Жоба авторларының айтуынша, платформаның мақсаты "кез келген азаматқа өзі қалаған кандидатты сайлау немесе сайлану мүмкіндігін беру".

Кейінгі кезде Александр Лукашенко режимі журналистер, құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері, саясаткерлерге қысымды үдеткен. Бір жылға созылған наразылық кезінде мыңдаған адам ұсталып, ондаған қылмыстық іс қозғалды.

Батыс елдері Лукашенко мен айналасындағы шенеуніктерге бірнеше санкция салды. Ресми Минск бейбіт наразыларды аяусыз басып-жаншығаны үшін және сайлау нәтижесін бұрмалағаны үшін айыпталды. Батыс Лукашенконы Беларусьтің заңды президенті деп мойындаудан бас тартты. Минск барлық айыптауларды жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG