Accessibility links

Канадалық компания Бішкектің "Құмтөр" жайлы келісімнің күшін жою ниетіне жауап берді


Қырғызстандағы "Құмтөр" алтын кеніші. 28 мамыр 2021 жыл.
Қырғызстандағы "Құмтөр" алтын кеніші. 28 мамыр 2021 жыл.

Қырғызстан үкіметінің инвесторлармен жасалған келісімдерді денонсациялау ниетіне байланысты Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген түсініктемесінде канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы өкілдері "Қырғыз билігі "Құмтөр" кенішін қасақана тартып алуға сылтау ретінде жалған және негізсіз айыптауларға жүгінді" деді.

"Қырғызстан үкіметі мен соттары кейінгі 20 жылда растаған келісімдер үкіметке келісім-шартта алған міндеттемелерін біржақты бұзуға мүмкіндік бермейді" деп мәлімдеді канадалық компания.

Бұған қоса компания егер Қырғызстан үкіметінің Centerra Gold-пен қандай да бір талас-тартысты дауы болса, онда халықаралық арбитраж сотына жүгіну қажетін айтады.

"Centerra бұл дауды Қырғызстан билігімен сындарлы диалог арқылы шешкенді жөн көреді, бірақ бірнеше рет (келісімге келуден) бас тарту бізге арбитраж және басқа да заңды тәсілдер арқылы құқықтық қорғанудың тиімді құралын іздеуден басқа жол қалдырмай отыр" делінген мәлімдемеде.

11 тамызда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекетт комитеті елде "Құмтөр" жобасы бойынша келісімдердің күшін жою процесі басталғанын және "канадалық инвесторлармен ынтымақтастықтың барлық кезеңінде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері жасалғанын" мәлімдеген еді.

Мамыр айында Қырғызстан парламенті "Құмтөр Голд Компани" қызметінің аудиті жөніндегі мемлекеттік комиссияның есебін тыңдап, үкіметке кәсіпорынға сыртқы басқаруды уақытша енгізуді тапсырған.

Мемлекеттік комиссия канадалық компания Қырғызстанға 4 миллиард 252 миллион доллар салық пен экологиялық санкциялар төлеуі тиіс деп мәлімдеген. Бұған дейін Бішкектің Октябрь аудандық соты канадалық компанияға экология нормаларын бұзғаны үшін мемлекетке 261 миллиард 719 миллион 674 мың сом (308 миллион доллардан астам) төлеуге міндеттеген еді.

Компания өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады әрі халықаралық соттарға Қырғызстан үкіметінің үстінен бірнеше шағым түсірді және "Қырғызалтынға" өз акцияларымен Centerra Gold Inc-те операциялар жүргізуге тыйым салды. Кейіннен Centerra Gold Inc-тің еншілес компаниялары – "Kumtor Gold Company" мен "Kumtor Operating Company" – Нью-Йорктің оңтүстік округі сотына шағымданды.

7 шілдеде Centerra Gold Inc. "Центерра"-ның ірі акционері "Қырғызалтын" ААҚ-на қатысты талабын қойды.

Құмтөр – Қырғызстандағы ең ірі алтын кеніші. Оны канадалық Centerra Gold Inc компаниясы игеріп жатқан. Компанияның 26 пайызы Қырғызстанға тиесілі. Кәсіпорын Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын және елдегі өнеркәсіп өнімі көлемінің 20 пайызын өндіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG