Accessibility links

Covid: Қазақстанда тағы 152 адам көз жұмды. Бір Алматының өзінде 40 кісі қайтқан


Шымкент қаласындағы мәйітхана, Түркістан облыстық патологиялық анатомия бюросы. 13 тамыз 2021 жыл.
Шымкент қаласындағы мәйітхана, Түркістан облыстық патологиялық анатомия бюросы. 13 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда коронавирустан бір күнде 152 адам қайтыс болды. Бұл туралы 15 тамыз күні Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

32 адам "ковидтектес пневмониядан" (КВИ-), 120 адам ПТР тестімен расталған коронавирустан көз жұмған.

Екеуін қоса алғанда, Алматыда 40, Шымкентте 20, Нұр-Сұлтанда 16, Маңғыстау облысында 15 кісі қайтыс болған.

Ресми статистика бойынша, елде індет басталғалы 11 602 адам қайтыс болған. Бірақ бұл статистикаға коронавирус жұқтырған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген 2367 адам кірмейді.

Елде кейінгі екі аптада күн сайын 8 мыңға жуық Covid науқасы тіркеліп жүр. Мамандар мұны әлемге тез тараған "Дельта" вариантымен байланыстырады. Алғаш рет Үндістанда тіркелген бұл вариант бастапқы вирусқа қарағанда жұқпалырақ әрі қауіптірек саналады. Қазақстанда бұл вариант маусымның соңында тіркелген.

Індет басталғалы елде барлығы 687 мыңнан астам адамның анализінен коронавирус анықталған. Билік бұдан бөлек ПТР тесті теріс шыққан, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын "ковидтектес пневмонияның" есебін жүргізіп келеді. Бұл есеп былтыр 1 тамызда басталған. Содан бері пневмонияның бұл түрімен 65,6 мың адам тіркелген.

19 миллион халқы бар Қазақстанда үкімет 10 миллион адамға вакцина салуды көздейді. 1 ақпанда басталған бұл науқан осы күнге дейін 6 миллион 74 мың адамды қамтыған. Олар вакцинаның кемі бір компонентін салдырған. Екпені толық алғаны – 4,7 миллион адам.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG