Accessibility links

Түркияда селден кемі 57 адам мерт болды


Кастамону провинциясы Бозкурт қаласында селден зардап шеккендерді құтқару. 12 тамыз 2021 жыл.
Кастамону провинциясы Бозкурт қаласында селден зардап шеккендерді құтқару. 12 тамыз 2021 жыл.

Түркияда Қара теңіз жағалауында сел болып, кемі 57 адам қайтыс болды. Бұл туралы 14 тамыз күні елдің төтенше жағдай агенттігі хабарлады.

Өткен аптада елдің солтүстік бөлігінде тоқтаусыз жауын жауып, арты су тасқынына ұласты. Табиғи апаттан Кастамону, Синоп және Бартын провинциялары қаттырақ зардап шекті. Сел үйлерді қиратып, көліктерді шайып әкетіп, көптеген жолды жарамсыз еткен.

Түркия төтенше жағдай агенттігінің мәліметінше, Кастамонуда 48 адам, Синопта сегіз, Бартында бір адам қаза тапқан, сегіз адам ауруханаға түскен.

Кастамону провинциясының ішкі істер министрі Сулейман Сойлу 77 адамның із-түссіз жоғалғанын айтып, жоғалғандар саны жүзден асады деп ақпар таратқан оппозиция партияларын, әлеуметтік желі қолданушыларын және баспасөз құралдарын айыптай сөйледі.

Синопта су тасқыны Бабаджай ауылын түгел шайған. Өзен бойындағы бес қабатты тұрғынүй, 40 жеке үй және екі көпір қирады деп хабарлайды "Анадолу" агенттігі. Құтқарушылар әуеде тікұшақпен, жерде арнайы дайындалған иттердің көмегімен жоғалған адамдарды іздестіріп жатыр.

Шамамен 2250 адам эвакуацияланған. Ондаған адамды үйінің төбесінен тікұшақпен алып кеткен. Апаттан аман қалғандар жергілікті билікке шүйлігіп, апат туралы алдын ала ескертпегені үшін сөгіп отыр.

Нөсерлі жауын Қара теңіздің арғы жағына жетіп, Ресейдің оңтүстік аудандарына да су тасқынын әкелген. Краснодар өлкесінің әкімшілігі 14 тамыз күні 1400 үйдің шайылып кеткенін мәлімдеді. Өлкенің төтенше жағдай басқармасы 1530 адамның эвакуацияланғанын хабарлады. Апаттан ең қатты зардап шеккені – Қара теңіз бойындағы Анапа курорты. Билік өкілдері жауынның әлі екі күн жауатынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG