Тәжікстан билігі Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Душанбеге келді деген ақпаратты жоққа шығарды. Ғанидің елден кеткені туралы хабар 15 тамыз күні түстен кейін тараған. Түрлі дереккөз ауған президентінің Тәжікстанға жол тартқанын айтқан.
16 тамыз күні Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мінген ұшақ Тәжікстан әуе кеңістігіне кірмеді, ел аумағына қонбады деп хабарлады.
"Ауғанстан тарапынан Тәжікстанға ондай өтініш түспегенін де атап өту керек" делінген СІМ баспасөз хабарламасында.
Осыған дейін Тәжікстан билігіне жақын дереккөздер Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидің Душанбеде болғанын, көп ұзамай Оманға ұшып кеткенін айтқан. Дереккөздердің мәліметінше, Тәжікстанның әуе қатынастары органдары Өзбекстан, Түркіменстан және Иран елдерінің басшылығымен сөйлесіп, Ашраф Ғани мінген ұшақты өз аумағынан өткізуге рұқсатын алған.
Әскери қолбасшы, Ауғанстан ұлттық ислам қозғалысының жетекшісі Абдул Рашид Дустумның қызы Рохила Дустум 15 тамыз күні Facebook желісінде Ашраф Ғани мінген ұшақтың Душанбе әуе кеңістігінде айналып ұшып жүргенін, осыдан кейін Оман бағытында ұшып кеткенін айтты.
Өзге дереккөздердің айтуынша, Ғанидің Тәжікстанға баратыны туралы келісім болған, бірақ Душанбе "белгісіз себептерге байланысты" соңғы сәтте айнып қалған.
Ал осы арада Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ашраф Ғанидің Қазақстанға да келмегенін айтты.
"Ол Қазақстан да жоқ" деп келтірді жергілікті басылымдар СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзін.
"Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) содырлары 15 тамыз күні Кабулге кірді. Қозғалыстың басшылығы Ауғанстан аумағының басым бөлігін бақылауға алғанын, ел астанасындағы шайқас аяқталғанын мәлімдеді. Кейінірек "Талибан" саяси кеңсесінің өкілі Мохаммед Наим Кабулдегі президент сарайында тұрып Al-Jazeera эфирінде сөз сөйлеп, Ауғанстандағы соғыстың аяқталғанын айтты.
Оның алдында билікті тәліптерге бейбіт жолмен беру туралы келіссөз жүріп жатқаны хабарланған. Бірақ мұның қашан болатынын, келіссөзге тәліптер тарапынан кімнің қатысып отырғаны белгісіз.
ПІКІРЛЕР