Accessibility links

Шымкенттегі мектепте "ауған босқындарына арналған" төсектерді төтеншеліктер жинап әкетті


Шымкенттегі мектепте "ауған босқындарына арналған" төсектерді алып кеткен. 16 тамыз 2021 жыл.
Шымкенттегі мектепте "ауған босқындарына арналған" төсектерді алып кеткен. 16 тамыз 2021 жыл.

16 тамыз кешкісін Шымкенттегі Тоғыс тұрғын алабындағы 120-мектептің ескі ғимаратында "ауған босқындарына арналған" төсек-орындарды төтенше жағдай қызметкерлері жинап әкетті. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Тоғыс тұрғындары хабарлады.

Олардың сөзінше, мектеп аумағына бірнеше төтенше жағдай қызметінің арнайы көлігі кіріп, жарты сағаттан соң кереуеттерді тиеп әкеткен.

Кешке Азаттық тілшісі мектеп ғимаратынан кереуеттер мен көрпе-төсектің барлығы әкетілгенін, сыртқа шығарылған оқушылар партасы ішке кіргізілгенін көрді.

- 15 тамызда "Ауғанстаннан адамдар келеді" деп кереуеттерді әкелді. Шамамен 300 адамға орын дайындадық. Бүгін "келмейтін болды, заттарды қоймаға алып барамыз" деп төтенше жағдай қызметкерлері әкетті, - дейді аты-жөнін атамауды сұраған мектеп қызметкері.

Ауғанстанды тәліптер жаулап алған тұста әлеуметік желіде ауған босқындарының бір бөлігі Қазақстанға келетіні, Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы колледж жатақханасы мен Тоғыс тұрғын үй алабындағы 120-мектептің ескі ғимаратында орын дайындалғаны туралы хабар тарады.

16 тамыз түс кезінде 120-мектептің ескі ғимаратына барған Азаттық тілшісі мектеп ішінен оқушылар партасының сыртқа шығарылып, бірнеше бөлмеге ондаған кереует кіргізіліп, көрпелердің жинаулы тұрғанын көрді.

Шымкенттегі мектепте "ауған босқындарына арналған" төсектер. 16 тамыз 2021 жыл.
Шымкенттегі мектепте "ауған босқындарына арналған" төсектер. 16 тамыз 2021 жыл.

Таңертең Шымкенттегі Еңбекші ауданындағы Әбілхан Қастеев атындағы колледждің жатақхана қызметкері де Ауғанстаннан келетін адамдарға арнап 305 орын дайындау туралы тапсырма түскенін, 100 орын дайындалғанын айтқан.

Шымкент қаласының әкімдігі ауған босқындары жайлы ақпарат бере алмайтынын, оны Нұр-Сұлтандағы орталық биліктен сұрау қажетін жеткізген.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли кешке желіде Ауғанстаннан келетін босқындар туралы президент шешім қабылдамағанын жазды.

15 тамыз күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі босқындарды қабылдау туралы ақпаратты терістеген. Ал 16 тамыз күні министрлік босқын қабылдау туралы ақпаратты растамады, жоққа да шығармады.

Шымкентте жатақхана қызметкері "ауған босқындарына орын дайындап жатқандарын" айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Жексенбіде "Талибан" (Қазақстанда, тағы бірқатар елде террорлық ұйым деп танылған) Ауғанстан астанасы Кабулды соғыссыз басып алып, президент сарайына кірді. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елді тастап кетті. Қазір тәліптер елге бақылау орнатқан.

16 тамызда жүздеген адам елден кету үшін әуежай қоршауын бұзып кіріп, ұшаққа мінуге тырысты.

  • Биыл АҚШ 20 жылдан соң Ауғанстандағы әскерін әкете бастаған. Осыдан соң "Талибан" содырлары басқыншылығын күшейтіп, елді бірнеше айдың ішінде басып алды. Вашингтон АҚШ әскеріне көмектескен 9 мыңдай ауғанды елден шығаруды жоспарлайды.
  • АҚШ тәліптер америкалық әскерилерге көмек көрсеткен ауғандарға кек қайтарады деп қауіптенеді. Вашингтон өз әскеріне көмектескен ауғандарды уақытша орналастыру үшін Орталық Азия елдеріне қайырылғаны хабарланған.
  • Шариғат заңдарына сүйенетін тәліптер ұрлық жасағандардың қолын кесіп, адам өлтірді деп күдікке ілінгендерді, жұбайының көзіне шөп салды деп айыпталғандарды ешқандай сотсыз жұрттың көзінше өлім жазасына кеседі. Бұдан бөлек, ер адамдарды сақал өсіруге, әйелдерді бурка киюге міндеттейді.
  • "Талибан" теледидар көруді, музыка тыңдауды, кинотеатрларға баруға тыйым салып, 10 жастан асқан қыздардың мектепке баруына шектеу қояды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG