Accessibility links

Ресей елшісі тәліптер туралы: Террористер кезіндегі жағдай жақсырақ


Ауғанстан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхаммед Ханиф Атмар Кабулда Ресей елшісі Дмитрий Жирновпен кездесіп отыр. 10 наурыз 2021 жыл
Ауғанстан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхаммед Ханиф Атмар Кабулда Ресей елшісі Дмитрий Жирновпен кездесіп отыр. 10 наурыз 2021 жыл

Ресейдің Ауғанстандағы елшісі Дмитрий Жирнов "Эхо Москвы" радиостанциясының эфирінде "президент Ашраф Ғанидың кезіндегіден гөрі террористердің кезіндегі жағдай жақсырақ" деп мәлімдеді.

"Мұны тәліптер Кабулды бақылауға алғаннан кейінгі алғашқы тәулікте байқағаным бойынша айтып отырмын" деген ол Ресей дипломатиялық миссиясының қауіпсіздігі мәселесін талқылау үшін "Талибан" өкілдерімен жолығуды жоспарлап отырғанын айтты. Жирнов тәліптердің бұл мәселеге "айқын, жақсы, ұнамды және іскер" ұстаным тұрғысынан қарайтынын атады. Ол сөзін "біздің өзара түсіністік табуға кедергі болатын нәрсе көрмей тұрмын" деп қорытты.

Бұған дейін тәліптер Ресей елшілігінің қауіпсіздігіне кепілдік бергені туралы хабар тараған.

Бірнеше елде террор ұйым ретінде тыйым салынған "Талибан" радикалды ислам қозғалысының өкілдері жексенбі күні Ауғанстан астанасы Кабулды соғыссыз бағындырып, президент сарайын алған. "Гуманитарлық апатқа жол бергісі келмейтінін" айтқан президент Ашраф Ғани Ауғанстаннан кеткен. Осылайша Ауғанстан толығымен тәліптер бақылауына өткен.

1996-2001 жылдары "Талибан" Ауғанстанның басым бөлігін бақылауында ұстаған болатын. 2001 жылы АҚШ пен одақтастарының әскери операцияларынан соң олар мұндай мүмкіндігінен айырылған.

Тәліптердің Кабулды алуына байланысты қала әуежайында дүрбелең басталған. Тәліптер қуғын-сүргінге салуы мүмкін деп қауіптенген мыңдаған адам Ауғанстаннан ұшып кету үшін жанталасқан. Кейбірі әуеге көтеріле бастаған ұшақ шассиіне жармасқан. Reuters агенттігінің ақпаратынша, дүйсенбі күнгі әуежайдағы дүрбелең кезінде кем дегенде бес адам өлген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG