Accessibility links

Гаитиде жер сілкінісінен опат болғандар саны 2 мыңға жуықтады


Гаитидегі құтқару жұмыстары. 15 тамыз 2021 жыл.
Гаитидегі құтқару жұмыстары. 15 тамыз 2021 жыл.

Гаитиде өткен аптада жер сілкініп, қаза тапқандар саны 2 мыңға жуықтады. Сілкіністен соң тропикалық дауыл соғып, апат салдарымен күрес кейінге шегерілді де, жағдай одан әрі ушықты.

17 тамыз күні ел билігі тағы 500-ден астам адамның мерт болғаны расталды деді. Осылайша табиғи апат құрбандарының саны 1941-ге жетіп отыр. Бұдан бөлек 9,9 мың адам жарақат алған.

"Грэйс" тропикалық дауылы кезінде жауған жауын мен содан кейін болған су тасқыны құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп, үй-жайсыз және ас-сусыз қалған гаитиліктердің халін одан әрі қиындатты.

"Жағдай өте қиын. Халық кең ауқымды гуманитарлық көмекке мұқтаж болып қалды" деді ел премьер-министрі Ариэль Генри Twitter желісінде.

7,2 балдық жер сілкінісі 14 тамыз күні болған. Салдарынан 60 мыңнан астам үй қираған. Көптеген ғимараттар бүлінген не опырылған. Үйінділер арасында әлі де адам бар саналады. Сол себепті құтқарылғандар мен қаза тапқандар саны күн сайын жаңарып келеді. Үйі қираған адамдар содан бері далада қалып, ашық аспан астында түр.

Қос апат Гаити саяси дағдарысқа ұшыраған уақытта келді. 7 шілде күні ел президенті Жовенель Моизді қастандықпен өлтіріп кетті. Мұнымен қатар Кариб елі коронавирус індетінен де зардап шегіп жатыр.

Ел 2010 жылғы жер сілкіністен кейін әлі толық қалпына келе алмаған еді. 7 балдық сол апат 250 мыңнан астамның өмірін қиған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG