Accessibility links

"Олимп" зертханасы вакцина салдырған 4 мың адамның иммунитетін тексерді


Екпе салдырып отырған әйел. Алматы, 23 маусым 2021 жыл.
Екпе салдырып отырған әйел. Алматы, 23 маусым 2021 жыл.

"Олимп" зертханасы маусымның басынан тамыздың ортасына дейін вакцина салдырған 3998 адамнан коронавирусқа қарсы иммунитетті анықтау анализін алғанын хабарлады. Зерттеу азғасында коронавирусқа қарсы антидене түзілгендердің үлесін анықтаған. Вакцинаның түріне қарай бұл үлес 75 пайыз бен 100 пайыз аралығында болған. Бұл туралы зертхананың баспасөз хабарламасында айтылған.

Хабарламаға қарағанда, анализ тапсырғандар 10 түрлі екпе салдырған. Бірақ олардың арасында ресейлік "Спутник V", қытайлық Hayat-Vax екпесін алғандар көп.

Зерттеу нәтижесі бойынша, екпе салдырғаннан кейін ағзасында антидене түзілгендер үлесі ресейлік "Спутник V" екпесінде 95 пайыз, қытайлық Hayat-Vax екпесінде 79 пайыз, CoronaVac-та 89 пайыз, қазақстандық QazVac-та 90 пайыз және америкалық Pfizer-де 100 пайыз болған.

Бірақ бұл зерттеуді вакцина тиімділігінің көрсеткіші деп қабылдауға болмайды дейді "Олимп" басшылары.

– Бұл мәліметтерді вакциналардың тиімділігін бағалау үшін қолдануға болмайды, себебі біз толық клиникалық зерттеу жасаған жоқпыз. Бұл – адамдардың екпеден кейін өз ағзаларында коронавирусқа қарсы антиденелердің бар-жоғын тексеру үшін тапсыратын зертханалық талдау нәтижелері, – дейді "КДЛ ОЛИМП" ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Зерттеу қамтыған науқастар арасында 3480 адам "Спутник V" екпесін, 307 адам Hayat-Vax екпесін, 87 адам CoronaVac екпесін, 60 адам QazVac-ты, 43 адам Pfizer-ді салдырған.

Бұдан бөлек, анализ тапсырғандар арасында 9 адам британ-швед екпесі Astra-Zeneca-ны, 4 адам америкалық Moderna-ны, 4 адам ресейлік "КовиВакты", 3 адам Johnson & Johnson екпесін, 1 адам Sinopharm вакцинасын (Vero Cell) салдырған.

Бірақ бұл вакциналардың бәрі бірдей Қазақстанда тіркелмеген. Екпе салу науқанын 1 ақпанда бастаған бұл елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, Қытайда әзірленіп, БАӘ-де өндірілген Sinopharm екпесі Hayat-Vax, тағы бір қытайлық компания Sinovac-тың екпесі CoronaVac қолданылады. 10 тамыз күні денсаулық сақтау министрлігі Sinopharm компаниясының Vero Cell деп аталып кеткен вакцинасының 4 миллион дозасын сатып алу жөнінде келісім жасасқанын, оның 1 миллион доза көлеміндегі алғашқы партиясы елге келгенін хабарлаған.

10 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің америкалық Pfizer вакцинасының 2 миллион дозасын сатып алу жөнінде келіссөз жүргізгенін, оның сәтсіз аяқталғанын айтып, денсаулық сақтау министрлігіне келіссөзді аяғына жеткізуді тапсырған. Содан кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой америкалық екпенің Қазақстанға шамамен қазанға қарай келетінін, оның 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге салынатынын айтты.

Қалған екпелер әзірге Қазақстанда тіркелмеген.

"Қазақстан аумағында жоқ вакциналарды салдырғандар – шетел азаматтары және екпені шетелде салдырған Қазақстан азаматтары" дейді "Олимп" зертханасы.

Зертхананың сөзінше, поствакциналық антиденелерді анықтау анализін вакцина салдырғаннан 3 апта өткенде тапсыру керек.

Қазақстанның ресми статистикасы бойынша, елде коронавирус ауруына барлығы 774 мыңнан астам адам шалдыққан. Оның 12 мыңға жуығы қайтыс болған.

19 миллион халқы бар Қазақстанда үкімет кемі 10 миллион адамға вакцина салуды көздеп отыр. Осы күнге дейін екпені 4,8 адам толық алған. Бұдан бөлек 1,3 миллион адам екпенің бірінші компонентін алып, екіншісін күтіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG