Accessibility links

Ауыл шаруашылығы министрі: Қазақстанда 180 мың гектар егіс жойылды


Бидай алқабы. Алматы облысы, 20 маусым 2021 жыл.
Бидай алқабы. Алматы облысы, 20 маусым 2021 жыл.

Қазақстанда құрғақшылық салдарынан 178,8 мың гектар егіс жойылды. Бұл туралы бүгін, 18 тамыз күні үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Оның сөзінше, биыл Қазақстанда 23 миллион гектарға егіс егілген.

"13,2 миллион гектарда немесе дәнді дақылдардың жалпы көлемінің 85 пайызында жақсы және қанағаттанарлық күйде. 2,1 миллион гектарда немесе 13,7 пайызында нашар күйде, 178,8 мың гектарда немесе 1,1 пайызында егістер жойылған" деді министр міндетін атқарушы.

Қарашөкеев климаттың өзгеруі салдарынан Қазақстан ғана жапа шегіп отырмағанын айтты.

"Егістердің нашарлау тенденциясы астық егетін көптеген елге әсер етті. Канадада бидайдың жалпы түсімі өткен жылмен салыстырғанд 30,6 пайызға, АҚШ-та 4,4 пайызға, Ресейде 15 пайызға азаяды деп болжанып отыр" дейді шенеунік.

Егістердің нашарлау тенденциясы бүкіл әлемнің астық егетін көптеген елдеріне әсер етті. Мысалы, АҚШ ауыл шаруашылық министрлігінің және халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша, Канадада бидайдың жалпы түсімі өткен жылмен салыстырғанда 30,6 пайызға, АҚШ-та 4,4 пайызға, Ресейде 15 пайызға төмендеуі болжанып отыр.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, биыл Қазақстанда 15,3 миллион тонна дәнді дақыл жиналады деп болжанып отыр. Оған қоса республикада алдыңғы жылдардан қалған 3,1 миллион тонна астық бар.

Биыл Қазақстанда және Орталық Азияның өзге елдерінде су тапшылығы мен құрғақшылық қаттырақ сезіліп, көкөніс пен астық бағасы қымбаттап кетті, кей өңірлерде шөп шықпай қалып, азық тапшылығынан мал қырыла бастады.

Қазақстанда құрғақшылықтан Маңғыстау және Қызылорда облыстары қатты зардап шекті. Үкімет отырысында Қарашөкеев бұл екі облысқа мал азығына жұмсалған шығынның өтемі ретінде үкімет резервінен 3,8 миллиард бөлінгенін, тағы 5,3 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданғанын айтты. Министрілік басшысының сөзінше, бұған қосымша ретінде жергілікті бюджеттерден 9,1 миллиард теңге бөлінген, облыс басшылары қосымша 4,5 миллиард теңге бөлу қарастырып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG