Accessibility links

НАТО тәліптерді Ауғанстанға лаңкестерді кіргізбеуге шақырды


НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ауғанстан жөніндегі баспасөз мәслихатында. Брюссель, 17 тамыз 2021 жыл.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ауғанстан жөніндегі баспасөз мәслихатында. Брюссель, 17 тамыз 2021 жыл.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг "Талибан" қозғалысын (Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстан аумағына халықаралық лаңкес топтарды кіргізуден сақ болуға шақырды.

"Билікке келіп жатқандар Ауғанстанға халықаралық лаңкестердің кіріп кетпеуіне жауапты" деді Столтенберг 17 тамыз күні Брюссельдегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, НАТО Ауғанстаннан әскерін шығарғанымен, лаңкестік топтардың қайта топтасу белгілерін бақылап отыр.

НАТО тәліптердің жеңіске жылдам жеткеніне таңғалды дейді Столнберг болған жағдайға ауған лидерлерін кінәлай отырып. Мұның алдында осыған ұқсас мәлімдемені АҚШ президенті Джо Байден де айтқан. Ақ үй басшысы ауған әскерінің қабілетіне сенгенін мәлімдеген.

Дегенмен Йенс Столтенберг "ауған күштерінің кей бөлігі батыл шайқасқанын" мойындады. "Бірақ олар жеңе алмады, себебі Ауғанстан басшылығы қарсыласына төтеп бере алмады" деді НАТО басшысы. Ол ауған халқының осы дағдарыстан мейлінше бейбіт жолмен шыққысы келгенін айтты.

Баспасөз мәслихатына журналист ретінде қатысқан ауған әйелі көзіне жас ала отырып Столтенбергтен "Талибан" Батыс алдында ауған азаматтарының құқығын сақтауға кепілдік бермейінше, ұйымды мойындамауын сұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG