Accessibility links

Ауған өзбегі Қазақстаннан көмек сұрады


Кабулдағы халықаралық әуежайдың сыртында жүрген ауғандар. 17 тамыз 2021 жыл.
Кабулдағы халықаралық әуежайдың сыртында жүрген ауғандар. 17 тамыз 2021 жыл.

"Талибан" Ауғанстанда өз билігін орнатқан тұста елде бейберекет болып, тәліптердің режимінен қорыққан азаматтар елден кетуге талпынып жатыр. Көбі өзге елдерден босқын мәртебесін сұрап отыр. Солардың бірі Азаттықтың Қазақ қызметіне хабарласып, Қазақстаннан көмек сұрайтынын айтты.

– Мен Кабулдағы ауған парламентінде жұмыс істедім. Бірақ қазір Ауғанстанды "Талибан" басып алып отыр. Өзіме және отбасыма қауіп төніп тұр. Біз Қазақстаннан босқын мәртебесін беруді сұраймыз. Жағдайымыз мүшкіл. "Талибан" көшедегі адамдарға қоқан-лоқы көрсетіп отыр. Кеше түнде үйімізге тәліптер келіп, нан сұрады. Оларға әкем шықты. Мені көріп қойса, жағдайымыз қиын. Өтінемін, көмектесіңіздер, – деді өзін Бесмулла деп таныстырған азамат (Азаттық редакциясында толық аты-жөні мен байланыс нөмірі бар).

Айтуынша, Ауғанстандағы жағдай ушыққан тұста ол туған өлкесі Фарьяб уәлаятына оралған. Қазіргі жағдайға байланысты Кабулға жете алмайтынын айтады. Баспасөз құралдарының хабарлауынша, тәліптер Түркіменстанмен шектесетін Фарьяб уәлаятының астанасы Маймана қаласын Кабулға кірерден санаулы күн бұрын басып алған.

Бесмулла Өзбекстан үкімітіне сеніңкіремей отырғанын айтады.

Биыл мамырда АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстаннан әкете бастап, "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) ел аудандарын жаулай бастады. Кейінгі апталарда тәліптер шабуылын үдетіп, 15 тамызда Кабулға кірді. Ел президенті Ашраф Ғани елден кетіп, ауған билігі "Талибанға" өтті. Тәліптер билікке оралғаннан кейінгі күндері Кабулда бейберекет болып, тұрғындар елден қашуға талпынып жатыр. АҚШ өз қызметкерлері мен елшілікке қызмет еткен ауғандарды эвакуациялау үшін Ауғанстанға қосымша мыңдаған сарбаз жіберіп, олар қазір Кабул халықаралық әуежайын ұстап тұр.

Тәліптердің билікке келуімен өз өміріне алаңдаған ауған қазақтары да Қазақстаннан алып кетуді сұрап отыр.

Азаттық Қазақстан сыртқы істер министрлігінен Ауғанстанда қанша қазақ тұратынын, оларды алып кету жөнінде қандай шара қабылдап жатқанын сұрады. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Ауғанстанда қанша қазақ тұратыны жөнінде білмейтінін, оларды алып кету мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын айтты.

Оның алдында АҚШ үкіметінің сайтында мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен сөйлескені, Ауғанстан мәселесін талқылағаны айтылған. Осы арада әлеуметтік желіде Қазақстан "ауған босқындарын қабылдайды" ақпарат тарады. Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы колледждің жатақхана қызметкері Азаттыққа "ауған азаматтарына төсек орын дайындау туралы тапсырма түскенін" айтты. Бірақ сыртқы істер министрлігі де, президенттің баспасөз хатшысы да болып ақпаратты жоққа шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG