Accessibility links

Өзбекстан ауған босқындарына арнап лагерь құрды


Ауған босқындары орналастырылған лагерь. Термез, Өзбекстан. Сурет Gazeta.uz сайтынан алынды.
Ауған босқындары орналастырылған лагерь. Термез, Өзбекстан. Сурет Gazeta.uz сайтынан алынды.

Өзбекстанда ауған босқындарына арналған лагерь құрылды. Бұл туралы осы лагерьде жұмыс істейтін дәрігерлерге сүйене отырып Gazeta.uz жазды.

Уақытша лагерь Ауғанстанмен шектесетін Сурхандария облысының Термез ауданында құрылған. Оған жүзден аса босқынды орналастырған.

15 тамыз күні «Талибан» (Қазақстанда террористік деп танылған ұйым) Ауғанстан астанасы Кабулге кіріп, елдегі 20 жылдық соғыстың аяқталғанын мәлімдеді. Осы арада ауған үкіметі әскерінің бір бөлігі Өзбекстанға қашты деген ақпар тарады. Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 14 тамыз күні Өзбекстан шекарасын 84 ауған әскери қызметкері кесіп өткен. Олар Өзбекстаннан көмек сұраған. Үшеуіне тіпті медициналық жәрдем қажет болған.

15 тамыз күні кешке Өзбекстанның Сурхандария облысында Ауғанстан әуе күштерінің құлады. Өзбекстан қорғаныс министрлігі бұл туралы «Ауғанстан әскери ұшағы Өзбекстан әуе шекарасын заңсыз өтпек болды, Өзбекстан әуе күштерінің әуе шабуылынан қорғау күштері бұған жол бермеді» деп мәлімдеді.

Осыдан кейін Өзбекстан бас прокуратурасы Ауғанстанның үш Embraer 314 ұшағы Өзбекстанның Қарши қаласына қонуды сұраған, бірақ оларды Өзбекстан әуе күштерінің екі МиГ-29 ұшағының сүйемелдеуімен Термез әуежайына бағыттаған. Бір ауған ұшағы әуеде жойғыш ұшақпен соқтығысып, жерге құлаған. Белгілі бір уақыттан кейін бұл хабарлама мекеменің Telegram каналынан өшірілді. Ол хабарламада сондай-ақ 14-15 тамыз күндері Ауғанстаннан Өзбекстанға 22 әскери ұшақ, 24 тікұшақ заңсыз өткенін, олардың Термезге қондырылғаны айтылған. Оларда жалпы саны 585 ауған әскери қызметкері болған.

Өзбекстан сондай-ақ Германиямен Ауғанстандағы неміс азаматтарын эвакуациялау бойынша келісім жасаған. 17 тамыз күні неміс ұшағы Кабулден Ташкентке 125 адамды әкелген. Олар ары қарай Германияға ұшады. Германия қорғаныс министрлігі мейлінше көп адамды эвакуациялау үшін Ташкент пен Кабул арасында әуе көпірі құрылғанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG