Accessibility links

Ауған халқы Тәуелсіздік күні тәліптерге қарсы акцияға шықты


Тәліптерге қарсы шеру. Ауғанстандағы Жалалабад қаласы, 18 тамыз 2021
Тәліптерге қарсы шеру. Ауғанстандағы Жалалабад қаласы, 18 тамыз 2021

Кабул мен Ауғанстанның ірі қалаларында Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған күнді жүздеген адам "Талибан" қозғалысына қарсылық білдіріп, еске алды.

Үш жолақ ту ұстап, ұрандатып шерулеткен Кабул адамдарын тәліптер бірнеше рет аспанға оқ атып, қорқытпақ болған.

Reuters Асадабад қаласындағы шеруде бірнеше адам өлгенін хабарлады. Бірақ әзірге олардың тәліптер оғынан өлгені, я болмаса нөпірдің ішінде тапталып қалғаны белгісіз.

Өзге қалаларда шерулеткендер "Талибан" қозғалысының ақ туын жұлып тастаған. Бір күн бұрын Жалалабадтағы қарсылық акциясына тәліптер оқ жаудырып, үш адам өлген еді.

Тәуелсіздік күні тәліптер "үш ғасырдағы аса ірі үш империалистік державаны" - 1919 жылы Британ империясын, 1989 жылы СССР-ді, 2021 жылы АҚШ-ты жеңгені жайлы декларация қабылдады.

Жүздеген адам Ауғанстаннан кету үшін Кабул әуежайына әлі күнге дейін ұмтылып, дүрбелең жалғасып жатыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, әуежай қоршауынан өте алмаған кейбірі тым болмаса балаларын өткізіп жібергісі келеді.

Тәліптер қуғын-сүргін болмайтынына уәде беріп, халықты үйге оралуға шақырды.

Ауған әйелдері радикал діншілдер тарапынан зорлық-зомбылық бола ма деп қауіптенеді. Олар "әйелдер бұрынғысынша жұмыс істеп, күйеулерінсіз-ақ жүре беруіне болады" деген тәліптердің сөзіне күмәнмен қарайды. Әйелдер құқын шектемейтінін айта тұра, тәліптер Кабул көшелерінде ілулі тұрған әйел суреті бар плакаттарды бояп тастады.

БАҚ-тың хабарлауынша, кей аудандарда әйелдердің жұмысқа шығуына тыйым салып, қызметін туыс ер адамдарына беруді ұсынған. Әйелдер бет-ауызын тұмшалайтын киім сатып алуға мәжбүр болып жатыр.

Ауғанстанның солтүстігіндегі Панжшер шатқалын әзірге "Талибан" бақылай алған жоқ. Солтүстік альянстың танымал жетекшісі Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд тәліптерге қарсы күштерді шоғырландырып жатыр. Ол The Washington Post газеті арқылы АҚШ пен Батыс елдерінен қару-жарақ сұраған.

Еуроодақтың тұжырымынша, таяу уақытта "Талибан" қозғалысының билігін Қытай мен Ресей ресми түрде мойындап қалуы мүмкін. Брюссель Ауғанстанда Пекин мен Мәскеу ықпалын күшейтпеуге шақырды. Ресей Сыртқы істер министрлігі Еуроодақ мәлімдемесіне таңырқағандай сыңай танытты. Мәскеу Ауғанстандағы қазіргі аласапыранға Ауғанстаннан кетіп қалған президент Ашраф Ғани айыпты деп санайды.

  • "Талибан" 15 тамызда Ауғанстанды толығымен бақылауымызға алдық деп мәлімдеді. Кабулды ұрыссыз алғаннан соң тәліптер соғыс аяқталды деп жариялады, қозғалыс жетекшілері Ауғанстан ислам әмірлігі мемлекетін құратынын мәлімдеді.

"Талибан" 1996 жылдан 2001 жылға дейін Ауғанстанның негізгі бөлігіне билік еткен. 2001 жылы АҚШ-тағы террордан кейін АҚШ пен Батыс елдері Ауғанстанға әскери операциямен кірген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG