Accessibility links

АҚШ Facebook-ті тағы да сотқа берді


Федералды сауда комиссиясының ғимараты. АҚШ

АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясы Facebook корпорациясын тағы да сотқа берді. Бұл ақпаратты The World Street Journal жазды.

Федералды сауда комиссиясы бұл корпорацияны алғаш рет 2020 жылдың желтоқсанында сотқа берген еді. Сауда комиссиясы және АҚШ-тың 46 штаты мен екі округінің прокурорлары Facebook корпорациясы бәсекелестерін сатып алу арқылы монополияға қарсы заңды бұзды деп айыптаған болатын.

Сауда комиссиясы Facebook-ке Instagram мен WhatsApp-ты сатқызу, мұндай келісімдер жасау үшін бұдан былай рұқсат сұрау туралы талап қойған.

Facebook өкілдері үкімет жемісті жұмыс істеп тұрған бизнесті жазалағысы келеді деп мәлімдеді. Алайда әлеуметтік желі осыдан бірнеше жыл бұрын Instagram мен WhatsApp-ты сатып алуға Сауда комиссиясының өзі келісім бергенін еске алды.

Маусым айында сот "дәлел жеткіліксіз" деп Сауда комиссиясының талап - арызын қайтарған болатын.

The World Street Journal жазуынша, Федералды сауда комиссиясы түсірген жаңа талап - арызда Facebook нарықта заңсыз үстемдік етіп отырғанын растауға тырысатын қосымша мәліметтер бар.

Кейінгі 15 жылда Facebook Instagram мен WhatsApp-тан өзге шамамен 70-ке жуық компанияны "жұтып қойған". Instagram үшін 2012 жылы 1 миллиард доллар төлеген. Бірнеше жылдан соң WhatsApp-ты 19 миллиард долларға сатып алған.

  • Президент Джо Байден тым ұлғайып кеткен технология алыптарын ыдырату мәселесін қарастыру қажет деп мәлімдеген.
  • Facebook – айына 2,8 миллиард пайдаланушы кіретін, әлемдегі аса ірі әлеуметтік желі. Корпорация 2020 жылы 28 миллиард доллардан астам пайда түсірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG