Accessibility links

Ерейментау әкімі сайлауынан шеттетілген кандидаттың апелляциясы қанағаттандырылмады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

19 тамызда Ақмола облыстық соты биыл шілдеде Ерейментау қаласы әкімін сайлау кезінде кандидатурасы алынған Абылайхан Сырымбетовтың апелляциялық арызын қанағаттандырмады.

22 шілдеде Ерейментау аудандық соты 45 жастағы Абылайхан Сырымбетовты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 113-бабымен ( "Анонимді үгiт материалдарын дайындау немесе тарату") кандидатты үгіт материалында оның шығарылған орыны, кім тапсырыс бергені мен таралымы көрсетілмеген «анонимді таралым» жасаған деп айыптап, оған 72925 теңге айыппұл салған еді.

Ерейментау аумақтық сайлау комиссиясы сот қаулысынан соң 22 шілдеде түнгі сағат онда жиналыс өткізіп, Сырымбетовты кандидаттар тізімінен алып тастау туралы хаттама толтырған.

Абылайхан Сырымбетов аймақтық сайлау комиссиясы хаттамасымен де, Ерейментау аудандық сот қаулысымен де келіспей апелляциялық шағым түсірген.

- Маған таралымы және басқа да мәліметтері көрсетілмеген жарнама баннері мен видеоролик жайлы таққан айып теория түрінде "болған" деп санасақ та оны жасаған, дайындаған мердігерді жауапқа тарту керек еді. Бұл жерде менің кінәм жоқ, - деді Сырымбетов.

Істі жүргізген судья Қанат Сабдин Сырымбетовтың сайлау заңын сақтамағаны толық дәлелденгенін айтты. Онымен келіспеген Сырымбетов адвокатының уәжі ескерілмеді.

Сырымбетовтың сайлау кезіндегі өкілінің айтуынша, дәл осындай жағдай Ерейментау қаласының әкімі болып сайланған Сапар Барлыбаевта да болған. Бірақ Ерейментау аудандық соты оның өзін емес, сенімді өкілі, әйелі Елена Барлыбаеваға 25 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салған.

- Сапар Барлыбаев өкілінің соты сайлауға екі күн қалғанда, яғни 23 шілде де өтті. Заңға бойынша сайлауға екі күн қалғанда кандидатты алып тастауға болмайды. Ал Сырымбетов сотын ерте өткізіп, іс жүзінде Барлыбаевқа жол ашып берді,- дейді Сырымбетовтың өкілі.

Аудандық маңызы бар Ерейментау қаласының әкімі болып сайланған "Нұр Отан" партиясының өкілі, 45 жастағы Сапар Барлыбаев мемлекеттік "Хабар" арнасындағы сұхбатында жаңылысып "жеңген жағдайда өмірімді жақсартуға тырысамын" дегені әлеуметтік желінің назарын аударған еді.

Шілденің 25-іне Ақмола облысындағы Ерейментау ауданының орталығы Ерейментау қаласы әкімі сайланған. Абылайхан Сырымбетов негізгі үміткерлердің бірі саналған.

Осы күні Қазақстанда 700-ден астам ауыл әкімі сайланды. Сайлауды бақылаушылар кей сайлау учаскелерінде заң бұзылғанын мәлімдеді. Қазақстан билігі ауыл әкімдерін сайлауды саяси реформаның көрінісі деп сипаттады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG