Accessibility links

"Үңгірдегі ұлтшылдыққа" түрткі болған YouTube-арна авторына айыппұл салынды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

19 тамызда Алматы полициясы бұған дейін дүкендер мен мемлекеттік мекемелердің "қазақ тілін қаншалықты білетінін" тексерген YouTube-арна авторы Қуат Ахметовті тоқтатып, айыппұл салды.

"Til Maydani онлайн партиясы" YouTube-арнасы 19 тамызда көшеде кетіп бара жатқан Қуат Ахметовті полиция қалай тоқтатқанын көрсететін видео жариялады. Полиция онымен біршама сөйлескен соң мәшинеге отырғызып, алып кетті. Көп ұзамай Қуат Ахметов 145 850 теңге (340 долларға жуық) айыппұл салып босатқанын әлеуметтік желіде жариялады.

"Til Maydani онлайн партиясы" YouTube-арнасында жарияланған видеода Ахметов "хаттамадан" үзінді оқып, 15 тамызда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзге азаматпен бірге "Тіл майданы" қозғалысына жетекшілік ететіні жөнінде видеоүндеу жасағаны үшін айыппұл салғанын айтты.

Ахметов мұны "қорқытып-үркіту" және жұмыс сапарымен Қазақстанға келіп, әрі қарай Қырғызстанда өтетін Еуразия экономикалық одағы үкіметтерінің отырысына кеткен Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинге "жағыну" деп атады.

Қуат Ахметовтің өзімен, немесе адвокатымен сөйлесу мүмкін болмады. Ахметов полиция әрекетімен келіспейтінін, полициядан сот арқылы кешірім сұрататынын видеода айтты. Алматы полициясының баспасөз қызметінен де бұл туралы ақпарат алудың сәті түспеді.

Қолданыстағы заңда 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі әкімшілік айыппұл (145 850 теңге) тіркелмеген бірлестік жұмысына қатысқаны үшін салынатыны көрсетілген.

Бұған дейін ақпарат құралдары, Қуат Ахметовке "ұлттық алауыздық қоздырды" (Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174-бабы) деген айып тағылуы мүмкін деген хабар таратқан. 16 тамызда Abai.kz жаңалықтар сайты адвокат Абзал Құспанға сілтей отырып, белгісіз адамдар Қуат Ахметов үстінен 174-бап бойынша іс қозғау туралы шағымданғанын жазды.

Қуат Ахметов Қазақстан мен өзге де көршілес елдерде "Til Maydani онлайн партиясы" YouTube-арнасының авторы ретінде танылған. Ол осы арнада Нұр-Сұлтан мен Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларында дүкен сатушылары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің "қазақ тілін қаншалықты білетінін" тексерген видео жариялаған. Видеода сатушылар "мемлекеттік тілді білмегеніне" кешірім сұрағаны көрсетілген.

Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев еріктілерден құралған тіл патрульдерін айыптай сөйлеп, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен дүкен сатушыларынан қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен әрекетті "үңгірдегі ұлтшылдық" деп бағалады.

Абаевтың "үңгірдегі ұлтшылдығы" әлеуметтік желі қолданушылардың наразылығын туғызды. Кейбірі мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді осылайша талап етуге 30 жылда қазақ тілінің мәртебесін көтере алмаған билік мәжбүр етті деп санайтынын жазды.

Абаевтың сөзі "қазақ ұлтшылдары орыстарға этникалық, ұлттық негізде тиісіп жатыр" дейтін Мәскеудің реакциясынан кейін айтылды. Ресей Сыртқы істер министрлігі "үңгірдегі ұлтшылдық" көріністерін қатаң тыюға дайынбыз" деген Қазақстан билігін толығымен қолдайтынын мәлімдеді. Кейбір сарапшылар Ресей саясаткерлерінің мәлімдемелерін биыл қыркүйекте түрлі деңгейде өтетін сайлауға дайындықпен байланыстырды.

Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Қазақстанға жұмыс сапарында тіл мәселесін сөз еткен жоқ деп хабарлайды "Настоящее время". Алайда Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова "Ресей Орталық Азияның кейбір елдеріндегі орыс тілді халықты кемсітушілікті есепке алады" және "мұндайға жол бермейтін қадамдарға барады" деп мәлімдеді. Захарованың мәлімдемесін бейсенбіде Ресейдің мемлекеттік жаңалықтар агенттігі - ТАСС жариялады. Оның алдында Ресей Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматы Қуат Ахметов 50 жыл бойы Ресейге кіргізілмейтінін хабарлаған болатын.

Конституция бойынша Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі, орыс тілі - ресми тіл. Мемлекеттік мекемелер мен органдарда орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады.

Орталық Азиядағы постсоветтік республикаларды Ресей өзінің дәстүрлі ықпал аймағы деп санайды. Қазақстан Мәскеу негізгі рөл ойнайтын Еуразия экономика одағының мүшесі. Сонымен қатар, бейресми түрде Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік келісімі әскери ұйымына да қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG