Accessibility links

Ақтөбеде "Энергосистема" жұмысшылары да жалақы өсіруді талап етіп ереуілге шықты


Ақтөбедегі "Энергосистема" жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп ереуілге шықты. 20 тамыз 2021 жыл.
Ақтөбедегі "Энергосистема" жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп ереуілге шықты. 20 тамыз 2021 жыл.

20 тамызда Ақтөбеде "Энергосистема" серіктестігінің жүзге жуық жұмысшысы жалақы көбейтуді талап етіп, ереуілге шықты. Наразылықтарын айтып, компания филиалына жиналғандар арасында контролерлер, электромонтерлер, диспетчерлер мен көлік жүргізушілері болды.

Олар "айлық, айлық" деп айғайлай бастаған кезде басшылар қақпаны іштен бекітіп, жеке шаруасымен келген қала тұрғындарын территорияға өткізбей қойды.

Ереуілшілердің сөзінше, жалақының аздығы туралы бұған дейінгі жиналыстар кезінде бірнеше рет айтылған. Бірақ одан нәтиже болмаған.

- Осында жұмыс істеп жатқаныма төрт жыл болды. Айлықта өзгеріс жоқ. Азық-түлік үш-төрт есе қымбаттап жатыр. Отбасымызды қай ақшаға асырайтынымызды білмейміз. Жұрттар энергетика саласында істейсіңдер, ақшаларың көп шығар деп айтады. Жалақымды айтуға ұяламын. Менің айлығым – 69 600 теңге, - дейді көлік жүргізуші Әли Орынбаев.

Ереуілге шыққан жүз шақты адамның арасында жас мамандармен бірге жылдар бойы осы салада еңбек етіп жүрген тәжірбиелі мамандар да болды.

Соның бірі - 39 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санатты энергетик ай сайын небәрі 82 мың теңге алатынын айтып шағынды. Ал контролер қыз-келіншектер ертелі-кеш үй аралап жұмыс істейтінін, алатын айлығы азық-түліктен артылмайтынын айтады.

- Қолыма алатыным 68-69 мың теңге. Төрт балам бар. Көп балалымын. Екі балам университетте ақылы оқиды, екі балам – мектепте оқушы. Былай тартсам да , иә былай тартсам да жетпейді. Кеше бір ай еңбек демалысына шықтым, бұрын емделуге ақша төлейтін. 15 жылдан бері осында жасаймын, соның бәрі болды. Қазір ештеңе жоқ, - дейді контролер Жанаргүл Ақжанова.

Электр желілеріне жауапты мекеме жұмысшылары 60-70 мың теңге жалақыларына төрт жылдан бері бір тиын да қосылмағанын айтады. Кейінгі жылдары ем-домға берілетін жәрдемақы да тоқтатылған.

"Энергосистема" компаниясы бас директорының көмекшісі Ринат Фазкулин жалақы көбейту туралы талап бұған дейін де көтерілгенін растап отыр. Оның сөзінше, ереуілден соң арнайы комиссия құрылған. Ортақ мәмілеге келуден үмітті наразылар түске таман тарап кетті.

- Комиссия құрамына компания әкімшілігі мен ереуілшілер арасынан бірнеше адам енді. Мәселе жуық арада шешімін табуы тиіс,- дейді Ринат Фазкулин.

Ақтөбе облысын электр энергиясымен жабдықтап отырған мекемеде мың жарым адам еңбек етеді. Ринат Фазкулин компанияда жалақы осыған дейін қашан, қанша пайызға көбейгенін айта алмады. Бас директордың көмекшілігіне бір ай бұрын тағайындалғанын айтқан Фазкулиннің сөзінше, бұрын учаске басшысы болып жүргенде 130 мың теңге жалақы алған.

Ақтөбеде кейінгі уақытта түрлі мекеме жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп ереуілге шығуды жиілетті. Қазір қоғамдық көлік жүргізушілері айлық өсіруді талап қылып, екі күннен бері ереуілдетіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG