Accessibility links

Қазақстандағы Covid дерегі: 7 мыңнан аса науқас тіркелді, 129 адам қайтыс болды


№2 қалалық ауруханадағы тынысы тарылған науқасқа жәрдемдесіп тұрған медицина қызметкері. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.
№2 қалалық ауруханадағы тынысы тарылған науқасқа жәрдемдесіп тұрған медицина қызметкері. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жүқтырғаны зертханада дәлелденген 7 117 науқас тіркелді. Ең көп көрсеткіш Алматы қаласында, мұнда 1 625 науқас есепке алынды. Екінші орында – астана, шаһарда бір тәулікте дерт жұқтырған 951 адам тіркелді. Бұл жөнінде Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ресми дерек бойынша, елде коронавирусы зертханада дәлелденген науқастардың жалпы саны 730 мыңнан асты.

Бейсенбіде індет салдарынан 103 адам, ал ПТР нәтижесі теріс болса да, клиникалық белгілері Covid-ке ұқсас "ковидтектес пневмониядан" 26 адам көз жұмды.

Пандемия басталғалы Қазақстанда бұл дерттен 8 209 адам, ал "ковидтектес пневмониядан" 4 200 адам көз жұмған. Бірақ кей сарапшылардың айтуынша, індет құрбандарының саны ресми деректен анағұрлым көп болуы мүмкін.

Соңғы апталарда Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар статистикасы тәулігіне 7 мың адамнан түспей тұр. Денсаулық сақтау саласы басшыларының айтуынша, бұған коронавирустың жылдам жұғатын "дельта" вариантының таралуы, жұрттың қауіпсіздік ережелерін, маска режимін сақтамауы себеп болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, қазір 123 мыңдай адам коронавирустан емделіп жатыр, оның 30 мыңдайы – стационарда. 1 920 адамның жағдайы ауыр, 549 пациенттің ахуалы өте ауыр, ал 224 науқас өкпе желдеткіш аппаратқа қосылған.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе алғандар саны 6,3 млн адамға жетті, соның ішінде 4,9 млн адам вакцинаның екі дозасын толық алған. Елде қазір негізінен Ресейде әзірленіп, Қарағанды зауытында шығарылған "Спутник V" вакцинасы және қазақстандық QazVac қолданылады.

Америкалық Джонс Хопкинс университеті мәліметі бойынша, әлемде Covid жұқтырғандардың ресми саны 210 миллионнан асты, 4,4 млн адам көз жұмды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG