Accessibility links

Алматыда журналист декрет төлемінің дұрыс есептелмеуіне байланысты пикет өткізді


"Информбюро" порталының журналисі Жанна Хабдулхабар пикет өткізіп тұр. Алматы, 21 тамыз, 2021 жыл
"Информбюро" порталының журналисі Жанна Хабдулхабар пикет өткізіп тұр. Алматы, 21 тамыз, 2021 жыл

Қазақстандағы «Информбюро» интернет-порталының журналисі Жанна Хабдулхабар декрет демалысына шыққанда мемлекеттен аз төлемақы алатын жекеменшік ақпарат құралдары қызметкерлерінің мәселесіне назар аударту үшін 21 тамызда Алматы әкімдігінің алдында бір адамдық пикет өткізді.

«Ақшамды қайтарыңдар!» деген жазу жазылған плакат ұстаған Жанна Хабдулхабар бұл әрекетін былай түсіндірді:

— [Бұл мәселеге] Еңбек министрлігінің және Қазақстан президентінің назарын аудару үшін бір адамдық пикетке шықтым. [Пандемияға байланысты қатаң карантин енгізілгенде] жекеменшік БАҚ-тар жеке табыс салығын төлеуден, зейнетақы қорына қаражат жіберуден, әлеуметтік төлемдерден босатылған, бізге бұл кейін ештеңеге әсер етпейді деген. Алайда, биыл шілдеде декрет демалысына шыққанымда еңбек министрлігі декреттік өтемақымды кем берді. 1 миллион 125 мың теңге орнына 800 мыңнан сәл асатын ақша алдым, — деді журналист.

Былтыр жұмыс берушілерге салық жеңілдіктері берілгендіктен, Жанна Хабдулхабар бала күтіміне байланысты жәрдемақысы да өзі күткеннен 50 пайызға аз бола ма деп алаңдайды.

Оның айтуынша, министрлік журналист «2020 жылғы 1 шілде – 1 қазан аралығында жұмыс істемегендіктен», аз ақша берілді деп түсіндірген. Ал Жанна Хабдулхабар бұл аралықта жұмыс істеген, тек сол кездегі жеңілдіктерге байланысты төлем жасамаған.

— Бір қызығы [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев пандемия кезіндегі белсенді жұмысым үшін маған «Халық алғысы» медалін берді, ал еңбек министрлігі маған бұл аралықта жұмыс істемедің дейді. Маусым айында декретке шыққан редакторым да осындай күйде, ол менен де аз алады. Декретке шыққан басқа адамдар да осылай ақшадан ұтылды, — деді журналист.

Оның айтуынша, мәселенің туындауына салық жеңілдігін беру туралы қаулыға қосымша тізімдегі қателік себеп болған. Ол тізімге медиа саласы қызметкерлері кірмей қалған.

Былтыр 2020 жылғы 1 сәуір – 1 қазан аралығында Қазақстанда бизнес өкілдерін, соның ішінде ақпарат құралдарын жеке табыс салығын төлеуден, қызметкерлердің зейнетақы және әлеуметтік төлемдерден босату туралы шешім қабылданған. «Информбюро» порталының жазуынша, бұл төлемдерден бірнеше саладағы мекемелер босатылған, бірақ тек жекеменшік ақпарат құралдарына аз жәрдемақы беріліп келеді. Басқа салалардан декретке шыққандар табысы туралы анықтама беріп, мәселені шешіп жатыр.

Жанна Хабдулхабардың айтуынша, декрет демалысына шыққан кей журналистер еңбек министрлігімен соттасып та көрген, бірақ жеңіліп қалған.

Пикет болған жерге Алматы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы бастығының орынбасары Ренат Бақбергенов шықты.

— Мәліметтеріңізді әлеуметтік әл-ауқат басқармасына беремін. Дүйсенбі күні сізге Данияр есімді қызметкер хабарласып, қабылдауына шақырады және көмектесу жолын қарастырады, — деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG