Accessibility links

Германия канцлері Ангела Меркель қызметінен кетер алдында Мәскеуден кейін Украинаға бара жатыр


Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен соң баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Мәскеу, 20 тамыз 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен соң баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Мәскеу, 20 тамыз 2021 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель 22 тамыз күні Украинаға барады. Екі күн бұрын ол Киевпен ара-қатынасы суық Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен.

Келесі айда 16 жыл канцлер болған Ангела Меркель қызметінен кетеді. Сол себепті оның осы күнгі сапарларын "қоштасу туры" деп атады.

Украинада ол ел президенті Владимир Зеленскиймен кездеседі.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Украина шығысында сепаратистік құрылымдарды қолдай бастағалы Меркель Киевтің негізгі қолдаушысына айналды. Сол жылдан бері аталған қақтығыстар кезінде 13 мыңнан астам адам қаза тапты.

Путинмен кездескен соң баспасөз мәслихатын өткізген Меркель қызметінен кеткенше "Украинаның аумақтық тұтастығы үшін жұмыс істей беретінін" айтты. Алайда ресми Берлин Ресей газын Германияға жеткізетін "Солтүстік ағыс 2" газ құбырын қолдағаны үшін сынға ұшыраған.

АҚШ пен өзге елдер газ құбыры Ресейдің энергетикасына тәуелділікті арттырып, Украинаны тасымалдан түсетін ақшадан айыратынын ескерткен. Қазір Ресей газының бір бөлігі осы Украина аумағы арқылы өтеді.

Бұған жауап ретінде Берлин Украинаға өтемақы беру механизмін қарастыруы мүмкін екенін айтты.

"Мұны сараланған ұстаным деуге болады" деді Зеленский осы аптада бірқатар баспасөз құралына берген сұхбатында.

Ол Германия канцлерінің дипломатиясын "өте сақ әрекет..., бірақ меніңше тым жұмсақ" деп атады.

24 тамыз күні Украина Совет одағынан тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді.

Ал 23 тамыз күні елде Еуропа лидерлерінің Қырым жөніндегі жиыны өтеді. Онда Қырымды Украинаға қайтару мәселесі талқыланады. Бірақ Меркель бұл жиынға қатыспайды.

Қыркүйекте Германияда сайлау өтіп, Меркель қызметін сол кезде аяқтайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG