Accessibility links

"Талибан" Ресейден тәліптер режимін мойындамаған топтың басшыларымен сөйлесуді сұрады


Тәліптер билігін мойындамаған топтың қаруланған сарбаздары. Панджшер, 19 тамыз 2021 жыл.
Тәліптер билігін мойындамаған топтың қаруланған сарбаздары. Панджшер, 19 тамыз 2021 жыл.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) басшылары Ресей дипломаттарына өтініш айтып, тәліптер билігін мойындамаған қарсылық тобына диалогқа дайын екенін жеткізуді сұраған. Бұл туралы "Соловьев LIVE" арнасының эфирінде Ресейдің Кабулдегі елшісі Дмитрий Жирнов мәлімдеді.

Жирновтің сөзінше, 21 тамыз күні Ресей елшілігіне "Талибан" саяси кеңсесінің өкілдері келіп, Ауғанстанның тәліптерге бағынбай отырған жалғыз уәлаяты Панджшермен қарым-қатынасын реттеуге көмектесуін сұраған.

Ол уәлаятта тәліптерге қарсы күшті Солтүстік альянстың лидері Ахмад-Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд пен Ауғанстан вице-президенті Амрулла Салех бастап отыр.

Осы арада әлеуметтік желіде видео тарап, Ахмад Масудтың тәліптерге қосылғаны айтылады. Бұл ақпаратты ресейлік ТАСС агенттігінің дереккөзі жоққа шығарды. Бірақ ол қарсылық тобы тәліптермен расымен де келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. Дереккөздің айтуынша, мәселе инклюзивті үкімет құру мен саяси қайшылықты жою төңірегінде болып отыр.

Келіссөздің жүріп жатқанын жергілікті журналистер де растады. Олар да Ахмад Масудтың тәліптер жағына өткенін жоққа шығарады.

Жұма, 20 тамыз күні ауған басылымдары Ахмад Масудтың қаулы отрядтары елдің солтүстігінде тәліптерден үш уәлаятты тартып алды деген ақпарат таратты. Сол күні журналистер келіссөз жүргізу үшін Панджшерге "Талибан өкілдері" келгенін хабарлады. Олардың сөзіне қарағанда, тәліптерге оларға қарсылықсыз берілуді ұсынбақ болған.

Осының алдында Ахмад Масуд The Washington Post басылымындағы мақаласында АҚШ пен Батысқа жүгініп, қарумен қамтамасыз етуді сұраған.

  • 15 тамыз күні "Талибан" Кабулге кіргеннен соң, тұтас Ауғанстанды бақылауға алғанын, соғыстың аяқталғанын мәлімдеген. Қозғалыс жетекшілері Ауғанстан ислам эмиратын қалпына келтіргісі келетінін айтты. Тәліптер ел астанасына кірген күні ауған президенті Ашраф Ғани елден қашты.
  • Тәліптердің кек алуынан және репрессияшыл заңдарын қайта енгізуінен үрейленген ауғандар елден кетуге асығып әлек. Батыс елдері өз дипөкілдіктеріне қызмет еткен ауғандарды эвакуациялап жатыр.
  • "Талибан" Ауғанстанда 1996-2001 жылы билік құрған. Сол жылдары елде репрессияшыл заңдарын енгізіп, әйелдердің құқығын қатты шектеген. Оларды білім алу, жұмыс істеу құқығынан айырды. 2001 жылы 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдан кейін АҚШ пен оның одақтастары "әл-Қаида" жетекшісін жасырып отыр деген Ауғанстанға басып кіріп, тәліптерді биліктен кетірді. Тәліптер қарсылық көрсетуін тоқтатпаған, бірақ елдің көп бөлігінде билік Батыс қолдауына ие ауған үкіметіне көшкен. Биыл мамырда Ауғанстанда 20 жыл болған Батыс коалициясы елден кете бастап, тәліптер шабуылы үдей түсті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG