Ақ үй АҚШ әуе компанияларына хабарлама жолдап, эвакуацияланған ауғандарды тасымалдауда көмегіне жүгінуі мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы АҚШ басылымдары хабарлады.
21 тамыз күні Reuters АҚШ үкіметіндегі шенеунікке сілтей отырып, әуе компанияларына ескерту хабарламасы жіберілгенін, бірақ нақты шешім қабылданбағанын хабарлады. Аты-жөнін жасыруды сұраған шенеунік коммерциялық әуе компанияларының ұшағы Ауғанстанның өзіне емес, Таяу Шығыс пен Германиядағы әскери базаларға ұшып, Ауғанстаннан сол жерге жеткізілген азаматтарды тасымалдауы тиіс болатынын айтты.
Осының алдында АҚШ Ауғанстандағы миссиясына қызмет еткен ауған азаматтарын эвакуациялайтынын айтқан. Осы күндері Ауғанстанда ондаған мың адам АҚШ-тың өз уәдесінде тұрар-тұрмасын күтіп отыр.
Ауғанстан шығуын мамырдың басында бастаған АҚШ әскері тамыздың соңына дейін толық кетуі керек болған. Бірақ сол мамырдан бері шабуылын үдеткен "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) 15 тамызда Кабулге кіріп, Ауғанстанда өз билігін орнатқанын мәлімдеді. Тәліптерден қорыққан жергілікті жұрт эвакуация орталығына айналған Кабул әуежайына ағылып жатыр.
ПІКІРЛЕР