Accessibility links

Меркель: Ресей жаңа газ құбырын "қаруға" айналдырса, Германия санкция салады


Украина президенті Владимир Зеленский, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануель Макрон және Ресей президенті Владимир Путин Парижде өткен "Норман форматы" кездесуінен кейінгі баспасөз жиынында отыр. Желтоқсан 2019 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануель Макрон және Ресей президенті Владимир Путин Парижде өткен "Норман форматы" кездесуінен кейінгі баспасөз жиынында отыр. Желтоқсан 2019 жыл.

Егер Мәскеу "Солтүстік ағын – 2" газ құбырын "қару" ретінде пайдаланатын болса, Германия Ресейге тағы да санкция салу жөнінде мәселе көтереді. Бұл жөнінде Германия канцлері Ангела Меркель Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөзден кейін өткен баспасөз жиынында айтты.

Меркель Ресей газын Украина арқылы тасымалдау туралы келісім жөнінде де сөз қозғады. 2024 жылы аяқталатын бұл келісім жайлы Мәскеудегі кездесуде Ресей президенті Владимир Путинге ұстанымын жеткізгенін айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский "Солтүстік ағын - 2" газ құбырына байланысты қауіптенетінін, Киев Ресей газы 2024 жылдан кейін де Украина арқылы тасымалданатынына нақты кепілдік қалайтынын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе жөніндегі келіссөздер енді басталған.

Меркель Киевке Мәскеуге жасаған ресми сапарынан кейін "Қырым платформасы" қарсаңында келді. Әлемнің ондаған елінің өкілдері мен бірнеше мемлекет басшысы қатысатын бұл іс-шарада Ресей аннексиялаған Қырымға байланысты мәселелер талқыланады. Алайда оған Батыстың жетекші елдерінің басшылары емес, министрлері келетінге ұқсайды.

Меркель өзінің не себепті қатыспайтынын "Ауғанстаннан эвакуациялау мәселесімен шұғыл айналысу қажеттігімен" байланыстырды.

Бұл сапар Меркелдің Киевке канцлер ретіндегі соңғы сапары. Ол алдағы қыркүйекте өтетін Бундестаг сайлауынан кейін қызметінен кетеді.

"Солтүстік ағын – 2" – Германияға Балтық теңізінің түбімен Ресей газын жеткізетін газ құбыры. АҚШ пен Украина және Батыстың кей елдері Ресей бұл құбырды қысым жасау құралы ретінде пайдалануы мүмкін деп есептейді. Сол себепті бұл құбырды салуға да қарсы болған еді.

АҚШ пен Германия "Солтүстік ағын – 2" газ құбыры іске қосылғананнан кейін де Ресейді Украина арқылы газ тасымалын жалғастыра беруге көндіретіні жайлы меморандумға қол қойған. Ресей Украинаны айналып өтетін газ құбырын Украина – Ресей арасындағы жанжал күрт көбейген кезде бастаған. Құбыр биылдың өзінде пайдалануға берілуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG