Accessibility links

АҚШ бір аптада Кабулдан 25 мыңға жуық адамды эвакуациялады


Кабул әуежайы төңірегін бақылап тұрған АҚШ әскері мен шетелге кеткісі келетін ауған халқы.
Кабул әуежайы төңірегін бақылап тұрған АҚШ әскері мен шетелге кеткісі келетін ауған халқы.

Кейінгі аптада Кабул әуежайында және әуежайға кірер аумақта Ауғанстанның кем дегенде 20 азаматы қайтыс болған. Олар - АҚШ пен оның одақтастарының әскери күштері өз елдерінің азаматтарын және олармен ынтымақтас, әріптес болған ауған азаматтарын шұғыл эвакуациялап жатқан әуежайдан ұшып кетуге тырысқан адамдар. Бұл жөнінде жексенбіде НАТО өкілі айтты.

Кабул әуежайын АҚШ қарулы күштері бақылап тұр. Оған барар жолдың бәрі өткен аптада тәліптер бақылауына өткен. Кей хабарларға қарағанда, әлі де ондаған мың адам тәліптердің тосқауылын бұзып өтіп, әуежайға жеткісі келеді. Әуежайға барар жолда тұрған АҚШ әскері де кез келген адамды өткізе бермейді.

Агенттік хабарына қарағанда өлгендердің кейбіріне оқ тиген, кейбірі дүрбелең кезінде адам аяғының астында қалған. Британ солдаттары сенбі күні әуежайға ұмтылған 7 адам аяқ астында қалып өлгенін растады.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанның сөзінше, 14 тамыздан бері Америка әскері 25 мыңға жуық адамды эвакуациялаған. Эвакуациялануға тиісті адамдардың нақты саны белгісіз.

24 тамызда Ауғанстандағы жағдайды және Ауғанстаннан адамдарды эвакуациялау мәселесін "Жетілік тобы" елдерінің басшылары онлайн саммитте талқылайды. Бұл жөнінде Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон айтты. Америка әскерін Ауғанстаннан шығару мерзімін әрі қарай соза тұру қажеттігі де сөз болуы мүмкін. Қазіргі мерзім бойынша, АҚШ әскері 31 тамызда Ауғанстаннан шығып кетуі тиіс.

Тәліптердің "қуғындамаймыз" деген уәдесіне сенбейтін мыңдаған ауған азаматы қайткенде елден кетіп қалуға тырысып жатыр. Кей аймақтарда тәліптердің бұрынғы әскери қызмткерлер мен полицейлерді жазалағаны жайлы ақпараттар бар, бірақ оның рас-өтірігін тексеру әзірге мүмкін болмай тұр.

Жексенбде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "тәліптер қазіргі сәтте уәделерін орындап тұр" деп мәлімдеді.

"Талибан" қозғалысы Кабулдың солтсүтігіндегі Панжшер шатқалын бақылай алған жоқ. Бұл шатқалда тәліптер билігіне қарсы күштер шоғырланып жатқаны жайлы ақпараттар бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG