Accessibility links

Байден Кабулдан эвакуация 31-тамызда аяқталады деп есептейді


Кабул әуежайының төңірегін бақылап тұрған АҚШ әскері. Ауғанстан.
Кабул әуежайының төңірегін бақылап тұрған АҚШ әскері. Ауғанстан.

АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан америкалықтар мен одақтас елдер азаматтарын эвакуациялаудың қиын болып жатқанын, бірақ бұл іс 31 тамызға дейін аяқталады деп үміттенетінін айтты.

Жексенбіде Ақ үйде сөйлеген Байден "Талибан" қозғалысы билікті алған тамыздың ортасынан бастап АҚШ Ауғанстан астанасы Кабулдан 28 мың адамды алып кеткенін мәлімдеді. Оның ішінде Американың да, АҚШ одақтастарының азаматтары да, тәліптер қуғынынан қауіптенетін ауғандар да бар.

Байден АҚШ әскеріне тәліптер шабуыл жасамағанын, эвакуацияға аса кедергі келтіре қоймағанын атап өтті. Дегенмен 31 тамызға дейін аяқталуға тиіс эвакуация одақтас елдер өтінетін болса, әрі қарай ұзауы да мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұл мәселе 24 тамызда "Жетілік тобының" онлайн-саммитінде талқылануы мүмкін.

Эвакуациялануға міндетті адамдардың нақты саны белгісіз. Ауғанстаннан кеткісі келетін мыңдаған адам Кабул әуежайы төңірегінде жатыр. Бірақ олардың бәрі бірдей эвакуация талаптарына сай келе бермейді. Әуежай аумағына кіремін деп кейінгі апта ішінде 20-ға жуық ауған азаматы өлген.

Журналистер сұрағына жауап беріп тұрып, Байден Ауғанстаннан АҚШ әскерін әкету жөніндегі шешімі дұрыс деп санайтынын тағы да қайталады. Оның сөзінше, осыған дейін Ауғанстанда 20 жыл тұрған әскерді тағы да белгісіз уақытқа қалдырып, тәліптермен қанды шайқасқа кіру - Құрама Штаттардың мүдесіне сай емес.

Биыл тамыздың 15-іне "Талибан" қозғалысы Кабулды соғыссыз алып, Ауғанстанға толық бақылау орнатқанын жариялаған. Осыдан кейін Ауғанстаннан кеткенді қалайтындар үстін-үстіне Кабул әуежайан келіп, дүрбелеңді күшейте түскен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG