Accessibility links

Ауғанстан Орталық банкінің төрағасы: Тәліп билігі экономика қиындығына кезігеді


Ажмал Ахмади
Ажмал Ахмади

Президент Ашраф Ғани кезінде Ауғанстан Орталық банкін басқарған Ажмал Ахмади тәліптер билігі елеулі экономикалық қиындыққа кезігеді деп санайды.

22 тамызда Bloomberg агенттігінің Odd Lots подкастындағы әңгіме кезінде Ахмади алдағы уақытта ұлттық валюта әлсіреп, инфляция күшейеді, импорт қымбаттап, капитал қозғалысын бақылау шаралары әлсірейді деген болжам айтты.

Ахмадидың сөзінше, АҚШ Ауғанстан Орталық банкінің 9,4 миллиард долларға бағаланатын валюта резервінің үлкен бөлігін бұғаттады, бұл онсыз да зардап шегіп отырған Ауғанстан экономикасының жанды жеріне тиеді.

Мұнан өзге Халықаралық валюта қоры да тәліп үкіметін халықаралық кредиторлар ресурсынан айырды. Оның ішінде Ауғанстанға биыл 23-тамызда берілуі тиіс жарты миллиард доллар да бар.

COVID-19 індеті жайлаған Ауғанстан қазірдің өзінде қуаңшылықтың зардабын тартып отыр. "Жағдай шынында да өте ауыр, біз бұған дейін үш қауіппен күресіп келсек, оған төртіншісі қосылды",– дейді Ахмади.

Дүниежүзілік банк мәліметіне қарағанда, Ауғанстан – әлемде мемлекеттік бюджетінің төрттен үші шетел көмегінен құралатын кедей елдердің бірі. Тәліптер кезінде шетел көмегі тоқтап қалуы мүмкін.

"Тәліптер Қытайдан, Пәкстаннан немесе осы өңірдегі басқа да елдерден ақша сұрауы мүмкін. Жағдай қиын", – деді Ахмади.

Тамыздың 15-іне "Талибан" қозғалысы Кабулды соғыссыз алған соң, Ауғанстан билігін иеленгенін мәлімдеген. Тәліптер қуғын-сүргінге сала ма деп қауіптенген ауған азаматтары шетелге кету үшін Кабул әуежайына жаппай ұмтылып, дүрбелең туған. "Талибан" қозғалысы қарсыластарына рақымшылық жасауға, ешкімді қудаламауға уәде берген. Алайда Ауғанстанның кей түкпірлерінде бұрынғы үкіметке жұмыс істеген адамдарды жазалап жатқаны жайлы түрлі хабар тараған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG