Accessibility links

Ахмад Масуд Панжшер шатқалын тәліптерге бермейтінін мәлімдеді. "Талибан" аймаққа әскер жібермек


Панжшер шатқалы. Ауғанстан. 20 тамыз 2021 жыл.
Панжшер шатқалы. Ауғанстан. 20 тамыз 2021 жыл.

"Талибан" қозғалысы бейбіт жолмен билікті бермеген Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Панжшер шатқалына жасақ жіберетінін мәлімдеді. Панжшер шатқалы — Ауғанстанның тәліптер бақылауына өтпеген соңғы аймағының бірі. Бұл өңір халқының басым көпшілігі этникалық тәжіктер.

"Талибан" қозғалысы Панжшерге шоғырланып жатқан қарулы күштердің жетекшісі Ахмад Масудқа ультиматум қойды. Ахмад Масуд бұрынға танымал дала қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың ұлы. Тәліптер Масудқа жақтастарымен бірге қаруын тастау үшін төрт сағат уақыт берді. Келіспеген жағдайда қарсылық жазаға тартылады.

Жексенбіде "Әл Арабия" телеарнасына берген сұқбатында тәліптермен келіссөзге отырып, мәмілеге келуге дайын екенін аңғартқан еді. Ол тәліптерді қатыстыра отырып, үкімет құруға шақырды. Тәліптер диалогтан бас тартса, соғыс болатынын айтты.

Reuters агенттігіне телефонмен берген сұқбатында Ахмад Масуд тәліптермен бейбіт келіссөз өтеді деп үміттенетінін, дегенмен өзіне қарайтын қарулы күш ұрысқа дайын екенін білдірді.

15 тамызда Кабулды соғыссыз алған тәліптер "Ауғанстанның бүкіл аумағын бақылауға алдық, соғыс аяқталды, Ауғанстан ислам әмірлігі құрылады" деп жар салған. Президент Ашраф Ғани Ауғанстаннан шығып кеткен.

Ахмад Масуд пен Ауғанстанның вице-президенті Әміролла Салих Панжшер шатқалында қарсыласу күштерін жинайтынын хабарлаған. Оған тәліптермен жұмыс істескенді қаламайтын бұрынғы ауған үкіметінің жасақтары қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG