Accessibility links

Ақтөбеде автобус жүргізушілері жалақы төленген соң ереуілді тоқтатып, жұмысқа оралды


Ақтөбедегі қоғамдық көлік жүргізушілері жалақы төлеуді талап етіп, ереуілге шыққан сәт. Ақтөбе, 19 тамыз 2021 жыл.
Ақтөбедегі қоғамдық көлік жүргізушілері жалақы төлеуді талап етіп, ереуілге шыққан сәт. Ақтөбе, 19 тамыз 2021 жыл.

Ақтөбеде автобус жүргізушілерінің ереуілі аяқталып, қаладағы қоғамдық көлік қозғалысы қалпына келді. "Автопарк" компаниясы шілде айының 7 млн 810 мың теңге жалақы қарызын толық өтеген. Бұл туралы 23 тамызда Азаттыққа "Автопарк" компаниясының директоры Ағарыс Тілеулесов хабарлады.

Компания басшысының сөзін автобус жүргізушілері де растады. Жүргізушілердің сөзінше, 21 тамыз күні жалақы қарызы өтелгеннен кейін ереуілшілер жұмыс орнына орала бастаған.

"Жұмысқа әлі шықпағандар да бар" деді аты-жөнін атамауды өтінген жүргізуші.

Компания "әріптестерін ереуілге үгіттеген" бес жүргізушінің үстінен полицияға шағым түсіргенін, оларды жұмысқа қоспай отырғанын айтады.

- Олар жұмыста жүрген әріптестерін аялдамалардан күтіп алып, ереуілге үгіттеген. Қосылғысы келмегендерге қоқан-лоқы жасаған. Ол адамдарды жұмысқа қоспай отырмыз. Қозғалыс сенбі күні ішінара, бүгіннен бастап толық қалпына келді, - деді 23 тамызда "Автопарк" компаниясының директоры Ағарыс Тілеулесов.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы "Автопарк" компаниясын әлі тексеріп жатыр. Басқарма басшысы Талғат Исқариннің сөзінше, тексеру 25 тамызда аяқталуы керек.

- Жұмысшы банк картасын ашпады екен деп жалақы төлемей қоюға болмайды. Бұл – заңсыздық. Жұмыс беруші жалақыны бірер күн кешіктіргеннің өзінде айыппұл төлеуге міндетті. Компания тарапынан олқылық болғаны анық. Кәсіпкерге қандай шара қолданылатыны тексеруден соң белгілі болады, - дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысы Талғат Исқарин.

"Автопарк" компаниясының автобус жүргізушілері мен жұмысшылары 19 тамызда жалақы өсіруді талап етіп, жұмысқа шықпай қойған.

"Автопарк" компаниясы сол күні "алимент төлеуден қашып жүрген, несие қарызы бар 40 адам банк картасын ашпай жүр. Сондықтан жалақы төлей алмай отырмыз" деген еді.

Ереуілдің екінші күні компания 73 адамға шілде айының жалақысын төлемегені белгілі болды. Екі күндік ереуіл кезінде Ақтөбе қаласының мыңдаған тұрғыны жұмыс орнына жете алмай, автобуссыз қалған.

Ақтөбе –500 мыңдай тұрғыны бар елдегі ірі қалалардың бірі әрі облыс орталығы. Халық саны жөнінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкенттен кейінгі төртінші орында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG