Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің басшылары 23 тамызда жиын өткізіп, Ауғанстандағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.
Оның сөзінше, ұйымға мүше елдердің басшылары "Ислам мемлекеті" террористік тобының "Ауғанстандағы позициясы мықты екенін" баса айтқан.
Ал Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшылары Орталық Азия аймағына төнген қауіптің алдын алу шараларын талқылаған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм мен экстремизмнің тарауы, заңсыз қару мен есірткі айналымының өсуі, заңсыз миграция, аймаққа деструктивті ағымдардың кіруін алдын алу жағын айтқан.
Бұған қоса, Тоқаев Ауғанстандағы гуманитарлық және азық-түлік дағдарысына жол бермеу жағын ойластыруға шақырған.
Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше ұйымның жиыны видеоконференция арқылы өтті. Шараны өткізу бастамасын Ресей президенті Путин ұсынған.
Орталық Азия бойынша сарапшылар Ауғанстандағы дағдарыс тұсында Ресей Орталық Азияға ықпалын арттыруға тырысып жатыр деп санайды. Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Азаттыққа берген сұхбатында "Ресей Ауғанстандағы жағдайды пайдаланып, Орталық Азия елдерін өзінен көмек сұрауға мәжбүрлейді", ал "Орталық Азия елдері Ресейдің қарулы күштерімен бірге жұмыс істеп, Ресей күштерін елдің ішкі операцияларына араласуға жол ашады" деген.
ҰҚШҰ сайтында "ел басшылары Ауғанстаннан төнген қауіпке қарсы тұру үшін бірлесе жұмыс істеуге келісті" деп жазылған. Ұйым Душанбенің "тәжік-ауған шекарасын нығайту" ұсынысын қабылдауды жеделдету туралы келісімге келгенін де хабарлады.
Ұйым жиынына арнайы шақыртумен Өзбекстан да қатысты. ҰҚШҰ басшылары Ауғанстан мәселесін талқылауды 16 қыркүйекте Душанбедегі саммитте жалғастыруға келісті.
ПІКІРЛЕР