Accessibility links

Қарағандыдағы ауған студенттері биліктен Қазақстанда қалдыруды сұрайды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

"Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарын бітірген онға жуық студент биліктен Қазақстанда қалуға рұқсат етуді сұрайды. Олар Ауғанстанға барудан қауіптенеді" деп хабарлайды жергілікті агенттік. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген Ауғанстанның 11 азаматы осындай қиын жағдайда қалған.

Соның бірі Абдулқасар Рассулидің сөзінше, олар жергілікті көші-қон полициясына визаларын ұзартып беру жөнінде өтініш айтқан.

"Осыдан бес жыл бұрын университетке түсуге келдім. Оқуым аяқталды, бірақ Ауғанстандағы жағдайды көріп отырсыздар, "Талибаннан" бәрі қорқады. Мен де Отаныма орала алмаймын. Визамызды ұзартып берсе екен. Көші-қон полициясының шешімін күтеміз" дейді Рассули.

Қолданыстағы заң бойынша, бұл шетел студенттерінің Қазақстан аумағында 31 тамызға дейін қалуға құқығы бар. Мұны Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров айтты. Оның сөзінше, қазір ауғандарды елден шығарып тастау туралы мәселе жоқ. "Бұл азаматтарды Қазақстанда заңды түрде қалдыру мәселесі қарастырылып жатыр" деді ол.

Қарағанды жоғары оқу орнының басшылығы виза мәселесі шешілгенше ауған азаматтары жатақханада тұра беретінін мәлімдеді. Қазақстан мен Ауғанстанның үкіметаралық келісімімен бұл студенттер оқу грантын алған.

Қазақстан білім және ғылыми министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда Ауғанстанның 102 азаматы оқиды. 16 тамызда Білім және ғылым министрлігі олардың бәрі Ауғанстанға жазғы каникулға кеткенін хабарлаған. Қазақстан Сыртқы істер министрілігінің пікірінше, "олар Қазақстандағы оқуын жалғастыра береді".

Бұған дейін Қазақстан тәліптер басып алған Ауғанстан астанасын тастап шыққан БҰҰ-ның халықаралық қызметкерлерін қабылдаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG