Accessibility links

Тәліптер Ауғанстанды басқаратын кеңес құрмақшы


"Талибан" қозғалысы саяси қанатының жетекшісі Абдул Ғани Барадар
"Талибан" қозғалысы саяси қанатының жетекшісі Абдул Ғани Барадар

"Талибан" қозғалысы Ауғанстанды басқаратын кеңес құрады, кеңеске 12 адам мүше болады. Бұл жөнінде Американың Foreign Policy журналы жазды.

Басылым деректеріне қарағанда, кеңеске "Талибан" қозғалысы саяси қанатының жетекшісі Абдул Ғани Барадар, әскери комиссия басшысы, қозғалыс негізін салушы Омар молланың ұлы Мұхаммед Якуб, "Хаккани топтары" ұйымының мүшесі Халил әл-Рахман Хаккани кіреді. Басылымның жазуынша, тәліптер кеңеске Панжшер шатқалындағы қарсылас күштердің басшысы, атақты дала командирі Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масудты қосқысы келген.

"Талибан" Ауғанстанда президент қызметін қалпына келтірмейді, елді басқа да жеке дара билейтін қызмет құрмайды, бірақ бұрынғы үкіметтің кей мүшелеріне министр қызметін ұсынуға дайын. Басылым "тәліптер осылай халықаралық қоғамдастыққа да қолайлы әкімшілік құрғысы келеді" деп жазады.

Тәліптер 15 тамызда Кабулды соғыссыз алған соң Ауғанстанды толық бақылауына алғанын мәлімдеген. Президент Ашраф Ғани Ауғанстаннан шығып кеткен.

Ахмад Масуд пен елдің бұрынғы вице-президенті Әміролла Салих Панжшер шатқалында тәліптерге қарсыласу қозғалысын құратынын мәлімдеген. "Талибан" күштері Панжшер шатқалын қоршап, шабуылға дайын екенін хабарлаған. Оған дейін Ахмад Масуд тәліптердің "төрт сағат ішінде қаруын тастап, берілу туралы" талабын орындамай, "Талибан" қозғалысының қатысуымен ұлт бірлігін көрсететін үкімет құруды ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG