Карантинге байланысты шектеулерге іліккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге Қазақстан үкіметі дайын емес. Бұл жөнінде ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов брифинг кезінде Азаттық сұрағына жауап бергенде айтты.
Қоғамдық тамақтандыру саласындағы бизнесі зардап шегіп отырған кәсіпкерлер, егер Ashyq жүйесінің ережесін және санитария нормаларын сақтай отырып жұмыс істеуге мүмкіндік берілмесе, жалға беру ақысын бермеуге, коммуналды қызметке және еңбекақы мен салық төлемеуге рұқсат етуді талап етеді.
"Егер айрықша қауіп төніп тұрса, Төтенше жағдай енгізуді сұраймыз, кәсіпкерлер бүгінге дейін барлық талаптарды орындады" дейді кәсіпкерлер 13 шілдедегі үндеулерінде.
Ұлттық экономика вице-министрі Жақсылықовтың сөзінше, "үкімет әзірге ол талаптарды орындай алмайды, бірақ кез келген ұсынысты қарастыруға дайын".
— Кәсіпкерлерді былай қолдаймыз дейтіндей әзірге жаңа ештеңе жоқ. Бүгінге дейін көрсетіп келе жатқан көмекті әрі қарай ұлғайта түсуге дайын емеспіз. Бәрі халықтың вакцина салдыруына байланысты, вирус таралымы қалай азайса, шектеу де солай азаяды,— деді ол.
Биыл шілдеде Қазақстанның қоғамдық тамақтандыру ассоцияциясы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, коронавирус қарқынына байланысты "қызыл аймақта" тұрған өңірлерде карантин шектеулерін күшейту туралы комиссия шешіміне нарызылығын білдірген еді. Ассоциация пікірінше, "карантин шектеулеріне байланысты жұмыс уақытын қысқартуға мәжбүр рестораторлар табысының 70-80 пайызынан айырылады, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының 30 пайызға жуығы жабылып қалуы мүмкін".
Шектеу шаралары тамыз айында да жалғасты. Кәсіпкерлердің пікірінше, санитарлардың кейінгі шектеу шаралары "шағын және орта кәсіпкерлікті өлтіреді". Кәсіпкерлер, әсіресе демалыс күндердегі локдаундарды "елдегі эпидемиологияға әсер етпейтін, ойластырылмаған, зиянды шара" деп атады.
— Коронавирусты тек вакцина тоқтата алатынын түсіндік. Өзге елдерге қараңыз: адамдар жұмыс істеп жүр, стадиондар, қоғамдық орындар толы, өйткені халықтың 60-80 пайызы вакциналанған. Неге біздің мемлекеттік ақпарат белсенді насихаттамай тоқтап қалды, бәлкім олар жұмысын бастамаған да шығар? Миллиондап ақша алып отырған Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдар не істеп отыр?— дейді Lanzhou ресторандар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина.
Қазақстан рестораторлары зиян шегіп отырғаны жайлы биыл көктемде шағымданып, індетке байланысты шектеу шараларын енгізетін мемлекеттік органдарға наразылығын білдірген еді.
ПІКІРЛЕР