Бүгін Алматы қаласының орталық көшелеріне саяси белсенді Жанболат Мамайды қолдайтын бір топ адам шығып, халықтан "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Буыржан Байбекке садақа беруді сұрады.
"Қазақстанның Демократиялық партиясын" құратынын жариялаған Жанболат Мамайдың серігі Абзал Достияров "Жанболат Мамайды сотқа берген Бауыржан Байбек жеңілді" деп санайды.
-Бауыржан Байбектің "жемқор" екенін халық біледі. Ол адал екенін дәлелдей алмады. Сот Жанболат Мамайға төлеуді міндеттеген ақшаны сот шығындары мен адвокатының қызметіне төлемек еді, кейін қайырымдылыққа жұмсамақ болды. Біз оның халыққа қайыр қылғанын көрген емеспіз,- деді ол
Бауыржан Байбекке садақа сұраған Жанболат Мамай жақтастарына көп ұзамай плакат пен дауыс зорайтқыш ұстаған бір топ адам жетті. Плакаттарына "Сот шешімін орында" деп жазған олар "Жанболат алаяқ", "Мамай - сатқын!", "Мамай қарабет!" деп ұрандаттты.
Жанболат Мамайдың жақтастары оларды "биліктің титушкалары" деп айыптады.
Биыл 15 маусымда Алматының Әуезов аудандық №2 сотында "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен саяси белсенді Жанболат Мамай арасындағы дауға байланысты сот шешімі шыққан болатын.
Сот Жанболат Мамайды Бауыржан Байбек туралы шығарған фильмді өшіруге міндеттеген. Судья Байбекті жемқорлық жасады деп айыптаған фильмдегі мәліметтер шындыққа жанаспайды деп тапты. Осылайша Байбектің "ар-намыс пен беделге нұқсан келтіру" бойынша сотқа түсірген шағымы толық қанағаттандырылған еді. Сот Жанболат Мамай мен Инга Иманбайды 860 мың теңге көлемінде сот шығынын төлеуге де міндеттеген. Олар психологиялық-лингвистикалық сараптама үшін де 75 мың теңге төлеуге тиіс.
"Сот шешім күшіне енгеннен кейін он күннің ішінде 28 минут қазақша және 26 минут орысша шыққан фильмді өшіруді міндеттеді. Бірақ біз өшірмейміз. Бұл сөз бостандығын тұншықтыру" деді соттан кейін жауапкердің бірі Инга Иманбай Азаттық тілшісіне.
Ал Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек "Мамай сотқа қажетті айғақтар ұсына алмады, айтқаны тек жала" деп мәлімдеген.
Байбек пен Мамай арасындағы даудың туындауына сәуір айында шыққан фильм-зерттеу түрткі болған. Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР